Тал түбінен табылған бала: қатыгез әкенің қамаудағы мерзімі ұзартылды

01.10.2018 19:51

Алматыда баласының басын жарған әкені қамауда ұстау мерзімі тағы 1 айға ұзартылды. Енді күдікті уақытша оқшаулау орнында 1 қарашаға дейін отыратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетов хабарлады.

«Сот күдікті Мұрат Асқароглын ҚР ҚК 106-бабы бойынша бұлтартпау шарасы ретінде қамау мерзімін тағы бір айға созу туралы шешім шығарды», – деді Д.Махамбетов.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшесінде болған еді. Тұрғындар ағаш түбінен ес-түссіз жатқан 4 жасар баланы тауып алған болатын. Ауруханаға шұғыл жеткізілген бүлдіршінге ота жасалды. Алматы полициясы күдікті ретінде баланың әкесін ұстаған болатын. Баланың әкесі Мұрат Асқароглы өзінің кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған.