Астанада аймақтық БАҚ өкілдерінің ауқымды форумы өтеді

26.09.2018 21:00

Отандық БАҚ саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген журналистер өз саласының өзекті мәселелерін талқылау үшін Астанаға жиналуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

27 қыркүйек күні елордада аймақтық БАҚ өкілдерінің Astana Media Week атты форумы өтеді. Аймақтық БАҚ альянсының ұйымдастыруымен өткелі отырған аталмыш форум аясында масс-медиа жұмысына қатысты заңдарды өзгерту, медиасауаттылықты дамыту мен медианы сандық трансформациялау бойынша бірнеше панельдік сессия өткізілмек. Айта кетерлігі, еліміз тілшілері бас қосатын бұл арнайы жиынға кез келген тілек білдіруші қатыса алады.    

Astana Media Week–2018 шарасының екінші күні ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстанның аймақтық БАҚ  өкілдерінің форумын өткізбек. Аталған шара БАҚ дамуының анағұрлым өзекті мәселелерін, жаңа конвергентті формаға көшу мүмкіндіктері мен қиындықтарын талқылауға бағытталған.

«Отандық масс-медиа қызметіне қатысты заң саласындағы реформалар» тақырыбындағы сессия шеңберінде қатысушылар «БАҚ туралы», «Жарнама туралы» заңдардағы, «Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау» заңнамасындағы өзгерістердің журналистер жұмысына ықпалы туралы мағлұматтар алады.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі мамандарынң, журналистика кафедрасы оқытушыларының және студенттерінің, сондай-ақ, балаларға, мектепке және студенттерге арналған БАҚ редакторларының, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен «Қазақстандағы медиабілім мен медиасауаттылықты дамыту мәселелері және медиасала келешегі» тақырыбындағы мәселелер талқыланатынын айтып өткен жөн.

«Медианы сандық трансформациялау: нарық, контент дистрибуциясы мен өндірісі қалай болмақ?» тақырыбындағы үшінші отырыс барысында сөз сөйлегелі отырған танымал спикерлері мен масс-медиа басшылары ауқымы кең контенттегі аудитория сұранысының өзгеруі, digital-тұғырнамаға көшу және қатаң бәсекелестік жағдайында дәстүрлі БАҚ-ты сақтап қалу жолдары туралы мәселелеріне тоқталады.  

Еске сала кетейік, 26-28 қыркүйек аралығында Астанадағы «Қазмедиа орталығында» бұқаралық ақпарат құралдары, баспасөз қызметтері, блогерлер мен басқа да медиақатысушылар үшін арнайы өткізілгелі отырған кең ауқымды шаралар сериясы, яғни Astana Media Week форумы – Орталық Азияда жыл сайын өтіп тұратын айтулы ірі шара.  

Astana Media Week-2018 форумының басты мақсаты – отандық медиасаланы дамытып, индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық деңгейде алға жылжыту.

Аталмыш форумды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қатысуымен «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы ұйымдастырып отыр. Сонымен қатар, шараны ұйымдастыру жұмыстарына  Аймақтық БАҚ альянсы да атсалысуда.