Алматыда бала өлімі тіркелген ауруханада тексеру басталды

Алматыда бала өлімі тіркелген ауруханада тексеру басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті бала өлімі тіркелген аурухананы тексеруге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 19 тамызда Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында болған.

18 тамызда Алматыдағы балалар  жұқпалы  аурулар ауруханасына желшешек (ветряная оспа) жұқпасымен қарқынды терапия палатасына Данат есімді бала түскен.

Дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалаған. Олардың айтуынша, баланың кеуде тұсы жарақат алып, ағзасы жұқпаның кесірінен интоксикацияға ұшыраған.

Кішкентай пациент кезекші дәрігер мен реаниматолог дәрігердің бақылауында болған. Сонымен қатар, кеңес алуға С.Асфендияров атындағы университеттің кафедра меңгерушілері де тартылған.

Алайда, жасалған барлық ем-шараларына қарамастан 19 тамызда баланың жағдайы нашарлай түскен.

Дәрігерлер баланың жанын арашалап қалу үшін 16 сағат күрескен. Соған қарамастан, баланың қан айналымы тоқтап, бұл дүниемен қош айтысқан.

Баланың не себепті өлгенін тексеру үшін барлық материалдар мен анасының шағымы қалалық полицияға тапсырылған болатын.

Бүгінде полицияның тапсыруымен қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті инфекциялық аурухананы кезектен тыс тексеруді бастады.

Тергеу органдары ауруханада баланың неден көз жұмғанын анықтау үшін арнайы сот-медициналық сараптама тағайындады. Басқарма тексеру нәтижесіне орай тиісті шаралар қолданатын болады.


Новости партнеров