АҚШ-тың Калифорния штатындағы Google компаниясының бас кеңсесінде еңбек ететін Павлодар қаласының тумасы Қуат Есенов араға төрт жыл салып, туған жеріне келді. Сөзге сараң оқымысты шетелдегі өмірі мен жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz.
Қуат Есенов – Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің түлегі. Бүгінде әлемдегі үздік компанияда жұмыс істейтін Phd докторы lT технологиялар саласында қызмет етеді.
30 жасар инженер Google компаниясына Массачусетс технологиялық инитутын тәмамдаған соң жұмысқа орналасқан.
«Алып кәсіпорынның мамандары менімен сұхбат жүргізді. Кездесу сәтті өтті. Оған қоса, «Microsоft» компаниясында аз-кем тәжірибем болды. Ең басты артықшылығым – халықаралық математикалық олимпиадалардағы жеңістерім», – дейді Қуат Есенов.
Оқушы кезінде дарынды баланы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «алтын бала» деп атаған. Мемлекет басшысының осындай мәртебе беруі де орынды. Олай дейтініміз, Қуат Есенов Гиннесстің рекордтар кітабына әлемнің ең титулды оқушысы ретінде енді. Оқымысты 9-11 сынып аралығында Греция, Жапония, Шотландияда өткен халықаралық математикалық олимпиадаларда алты алтын, бір күміс және бір қола мадельге ие болған.
«Алтын баланың» анасы Анна Нұриденқызының айтуынша, Қуаттың бойында есеп-қисапқа деген ынта үшінші сыныпта пайда болған. Сол сәтте әлемнің және Қазақстанның математиктері Қуаттың дарындылығы табиғаттың сыйы деген пікір білдірген.
Жас ғалым «екінші есіміне» еті үйреніп кеткенін айтады.
«Туған жеріме келгенде, Ертіс өңірінің тұрғындары мені «алтын бала» деп атайды. Әрине, қуаныштымын. Бала кезімде мектеп мен үшін аса маңызды болды. Жалпы, жаратылыстану ғылымдарына жоғары сыныпта бет бұрдым», – дейді ол.
Қуат Павлодарға соңғы рет төрт жыл бұрын келіпті. Әлемдік ІТ-нарығында жоғары сұранысқа ие маман жұмысының қауырт болғандығынан, ата-аналарына жиі келе қоймайтынын жасырмады.
«Google компаниясындағы жұмыс тәртібі мөлшерленбеген, қандай да бір шектеулер жоқ. Бір сөзбен айтқанда, барлығы еркін. Сағат санын ешкім есептемейді. Жұмыс орнымыз коворкинг-орталыққа ұқсайды. Біздің қызметкерлер кез келген идеяны, жобаны бірлесіп талқылауға әзір. Әріптестерімнің арасында қытайлықтар, жапондықтар көп», – дейді Қуат.
Емен-жарқын әңгіме барысында Қуат Есенов жалдамалы пәтерде тұратынын айтты.
«Жалақымның көлемі туралы айта алмаймын, әрине. Үлкен кәсіпорындарда еңбекақы аз емес. Себебі, өмір сүру деңгейі жоғары. Мәселен, Калифорния штатында өмір сүру үшін 130 мың доллар аздық етуі мүмкін. Дегенмен, пәтер сатып алатындай жағдайға жеткен жоқпын. Бос уақытымда табиғат аясында серуендеуге, велосипед тебуге барамын», - дейді Қуат.
Дарынды жігіт болашақта Қазақстанға оралуды жоспарламағанын жеткізді.
«Әзірге АҚШ-та еңбек еткім келеді. Дегенмен, туған жерімді ұмытып кетті деуге келмейді. Менің ойымша, бүгінгі әлемде шектеу жоқ, оқуға да, білім алуға да мүмкіндіктер бар», – дейді ол.