Әйелін дәріxанада пышақтап өлтірген азамат 15 жылға бас бостандығынан айырылды

19.10.2017 04:24

Аты шулы іске нүкте қойылды. Алматы облысында әйелін дәріxанада пышақтап өлтірген азаматқа сот үкім кесті. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң тәртіптегі коллонияда өтейді. Бұған қоса марқұмның туыстарына 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлейді. Дегенмен, тараптар бұл шешіммен келіспей отыр.

Тура екі айға созылып, соңында алқабилер араласқан сот процесі мәресіне жетті. Күйеу балаларын көруден жиренсе де, марқұмның туыстары маңызды күні тайлы-тұяғы қалмай жиылды. Қанды қылмыстың қалай болғанын бүге-шігесіне дейін айтып берген прокурордың сөзінен соң, олар сол күнгі сұмдықты қайта еске алып, көздеріне еріксіз жас алды. Жанар Насырованы осы қыста күйеуі айуандықпен 23 жерінен пышақтап өлтірген еді. Жантүршігерлік қылмыс келіншектің жұмыс орнында, яғни «Асыл арман» ықшамауданындағы дәріхана ішінде болған. 12 жыл отасқан жұбайын аяусыз өлтірген Азамат Құлымбетов сотта соңғы сөзін айтып, туыстарынан кешірім сұрады.

«Нұрғайша тәте кешіріңіздерші, тәте кешіріңіздерші? Кешіріңізші енді, менің қатты жақсы көргенім - кінәм менің», - деді сотталушы Азамат ҚҰЛЫМБЕТОВ.

Құлымбетов қанша жерден келіншегінің туыстарынан қиылып, кешірім өтінсе де олар үн қатпады. Өйткені, қыздарын айуандықпен өлтірген күйеу балаларының бет-жүзін көргісі де жоқ. Азамат әйелінің денесіне 23 жерінен пышақ сұққан. Оның тоғызы аса ауыр болып, Жанардың ішкі ағзаларын түгел зақымдап кеткен. Қансыраған келіншек Алматыдағы 7 ауруханада жан тапсырған болатын. Сотталушы жантүршігерлік қылмысқа әйелі көзіне шөп салғандықтан барғанын айтқан еді. Мұны туыстары да жоққа шығармады.

«Баламды әбден тряпка жасап тастаған. Еркек деп санамаған баламды. Ол бір жолда 3 еркекпен кездесіп жүрген. Қайтіп баламды еркек деп санайды ол?», - деді сотталушының әкесі Тұрғанбек ҚҰЛЫМБЕТОВ.

«Оны деген жүргіш те қылды, неше түрлі атқа ие қылды. Енесінің өзін, қыздың шешесін біресе алқаш деді, балаларды алу үшін. Балалардың екеуін бірдей алғысы келіп тұрған жоқ. Үлкен қолқанат баланы алғысы келіп тұр», - деді марқұмның туысы Нұрғайша МАЛДЫБАЕВА.

Марқұмның туыстары күйеу балалары өзін ақтау үшін жалған сөйлегенін алға тартты. Олар қыздарының артында қалған 2 баласын аман-есен өсірмек. Осы ретте, судья бүлдіршіндері асырау құқығын Жанардың анасына бергенін жеткізді. Ал Құлымбетовты 15 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Сондай-ақ сотталушыға марқұмның туыстарына 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.

«Сот үкім етті. Құлымбетов Азамат Тұрғанбекұлы ҚР Қылмыстық Кодексінің 99 бабы, 2-бөлігі 5 тармағымен кінәлі деп танылсын. Оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық атқару жүйесін қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеу тағайындалсын. Сотталған Құлымбетовке тағайындалған күзет пен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын. Жаза өтеу мерзімі күзетпен ұстауға алынған күннен бастап, яғни 19 ақпан 2017 жылдан бастап есептелсін», - деді Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгюль КАСЕНОВА.

Өз кінәсін толық мойындаса да Азамат Құлымбетов соттың үкіміне қарсылық білдірді. Ол жақын күндері аппеляциялық шағым түсірмек. Бұған қоса, жәбірленушілер де Жанарды айуандықпен өлтірген күйеу балаларының өмір бақи бас бостандығынан айырылғанын қалап отыр. Сондықтан олар да қарап қалмай әділдікті жоғарғы соттан сұрамақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы