15 мамырда қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Алматы» телеарнасы мен Сулейман Демирел Университеті ұйымдастырған эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
Ертең, 15 мамыр күні сағат 15:00-де «Алматы» телеарнасы мен СДУ-дың ұйымдастыруымен өткен «Журналист болғым келеді» эссе байқауының үздіктерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі аталмыш ЖОО-да өтеді.
Байқау жеңімпазына СДУ-дың журналистика факультетінде тегін оқу білім гранты беріледі. Ал, бірінші және екінші орын иелеріне бағалы сыйлықтар тарту етіледі. Сондай-ақ, іріктеу кезеніне өткен барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталады.
"Бұл байқау - журналистика саласына деген ынтызарлықтың барын аңғартты. Сайысқа ұзын-ырғасы 300-ден аса үміткер қатысты. Барлығы озық ойлы, дарынды жастар. Олардың мүдделері ортақ. Көбі әу-бастан әділдікке, гуманистік құндылыққа және қоғамдық ой қалыптастыруға ынтық екен. Бізді түлектердің осындай қасиеттері қуантты. Бұл конкурс - Сүлейман Демирел Университеті мен "Алматы" телеарнасының дуалды білім беру жүйесін дамытудағы алғашқы қадамы. Меніңше, біз осы сайыс арқылы өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар көрсете алдық. Олар кемел келешекке жету үшін осы бастан қамданулары керек" - деді, "Алматы" телеарнасының Бас директоры Әлібек Әлденей.
«Журналист болғым келеді» атты эссе байқауы бір айдан астам уақыт бойы жүргізілді. Аталмыш конкурсқа 2018 жылы мектеп бітіруші қазақстандық түлектер қатысты. Эссе үш тілде қабылданды - қазақ, орыс, ағылшын тілінде. Сондай-ақ, қатысушыларға өз ойларын қара сөзбен және өлең жолдарымен жеткізуге мүмкіндік берілді. Әділқазылар алқасы туындылардың логикалық-танымдық мазмұны, әдеби-көркемдігі мен грамматикалық сауаттылығына баға берді. Жалпы, байқауға Қазақстан бойынша ұзын-ырғасы 348 үміткердің жұмысы келіп түсті. Оның 275 – қазақ тілінде, 69 – орыс тілінде, 4 – ағылшын тілінде жазылған.
Айта кетейік, «Оңтүстік Астана» телерадиокомпаниясы» АҚ мен Сүлейман Демирел Университеті «Алматы ТВ» телеарнасында ЖОО-ның 3-4 курстарына арналған Медиа Академияны құру туралы келісім жасады. Бұл «Алматы» телеарнасы мен СДУ-дың дуалды білім беру жүйесін дамытудағы алғашқы қадамы болып табылады.