Ақтөбеде «мені зорлаған жоқ» деп жалған айтқан қыз 5 жылға сотталды

16.11.2018 20:00

Ақтөбеде сот жәбірленуші қызды шын мәнінде зорлаған, ол жалған ақпарат берді деген шешімге келді. Бойжеткен 3 жылдан кейін түрмеге қамалады, деп жазады stan.kz.

Биылғы тамыз айында Кірпішті ауылының маңындағы Елек өзенінің жағасында үш жігіт таныс қызын зорлады. 28 жастағы қыз олардан қашып кеткен. Оны жергілікті тұрғындар көріп, полиция шақыртқан еді. Бастапқыда бойжеткен жігіттердің өзін зорлағанын айтқан еді. Кейін жігіттермен өз еркімен жыныстық қатынасқа  түскенін, олардың бірі өзін ұрғанын айтты. Ол айыпталушыларды қылмыстық істен босатуды сұрады.

Сот үш жігіт қызды зорлаған деген шешімге келіп, айыптыларды соттады. Осыдан кейін жәбірленуші мұның жалған екенін айтқанымен сөзін дәлелдей алмады.

Сот қызды жалған ақпарат айтты деп, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда оның кіші баласы бар болғандықтан, ол 3 жылдан соң жазасын өтемек. Үкім заңды күшіне енген жоқ.