«Қайтыс болған» ер адам өзін жерлегеннен кейін үйіне қайтып келді

18.10.2018 20:00

Канаданың Торонто қаласында полиция із-түзсіз жоғалып кеткен ер адамның туыстарына оның денесін тапсырып, артынша отбасы жерлеу рәсімін өткізген. Алайда мұнан кейін болған жағдай «марқұмның» отбасы мүшелерін қайран қалдырды, деп хабарлайды Stan.kz.

Ер адамның қазасына қайғырып жүрген отбасы бір айдан кейін өлдіге санаған туысы қайтып келгенде естен танып қала жаздаған.

Артынша анықталғандай, отбасы бұған дейін жерлеген адамның оларға еш қатысы болмаған.

Олар жерлеу рәсімінде «Пиано профессоры» атанып кеткен канадалық музыкант Скот Кашниді жер қойнына тапсырған болуы мүмкін. Тамыз айында көзі көрмей қалған 80 жастағы пианист үйінен шығып кетіп, сол күйі жоғалып кеткен. Ол көшеде құлап қалып, ауруханаға түсіп, сол жерде қайтыс болған.

Полиция қызметкерлерінің пікірінше, сол күні отбасы Кашниді жерлеген. Себебі мәйітпен бірге музыканттың пәтерінің кілті болған.

Ендігі жағдайдың мән-жайын анықтау үшін, жерленген ер адамды қайта қазып алатын болды.