Алматыда Наурызбай ауданы тұрғындарының жартысы сапасыз су ішіп отыр

Алматыда Наурызбай ауданы тұрғындарының жартысы сапасыз су ішіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурызбай ауданы тұрғындарының жартысы ғана таза ауыз су ішіп отыр. Оның 30 пайызы қалалық жүйе, 20 пайызы жеке су ұңғымалары. Қалған тұрғындар Ақсай және Қарғалы өзендеріндегі ашық су тоғандарын пайдаланып келеді.

Аудан әкімі Санжар Тоғайдың ақпаратына сәйкес, су құбырларының тозығы жеткен. Сол себепті, жеткізіліп отырған су сапасы да төмен. Жағдайды тұрақтандыру үшін «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде биыл 123 шақырым су және 80 шақырым кәріз құбырларының құрылысы жүргізіліпті.  

«Наурызбай ауданы тұрғындарын жиі мазалайтын мәселе, бұл ауыз су мәселесі. Ағымдағы жылы аудандық апаттық қызмет бөлімінің күшімен 316 жерасты және 118 су құдықтарында орын алған апаттық жағдай қалыпқа келтірілді. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында «Қалқаман-1, 2, 3» және «Алты Алаш» шағынаудандарын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін 123 шақырым су және 80 шақырым кәріз құбырының  құрылысы жүргізілді. Су жетіспеушілігі байқалған уақытта «Алматы Су» мекемесімен бірлесіп су тасығыш көліктер арқылы су жеткізуді ұйымдастырамыз», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЙ.

Ауданда Абай даңғылын ұзарту бойынша жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жоспарда 246 аумақты сатып алу міндеті тұр. Ал Төле би көшесін ұзарту үшін 22 гектар аумақ мемлекет қажеттілігіне қайтарылмақ.  


Новости партнеров