Астананың ауысуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Ең бір күрделі кезеңде, қиын-қыстау заманда жасалған батыл қадамның арқасында бүгін елордамызға бүкіл әлем таңдай қағады, тамсана қарайды. Ал Астана алғаш құрылғандағы Президенттің резиденциясы болған ғимарат қазір дүниежүзінде теңдесі жоқ мұражайға айналып отыр. Музей болғанымен, ол Елбасының әлі күнге дейінгі қызмет орны саналады. Ел Президенті мұнда жылына екі-үш мәрте келіп, маңызды кездесулер өткізеді екен.
Бұл – Президенттің жұмыс кабинеті. Дәл осы кабинетте, мына үстелдің басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 және 2004 жылдар аралығында, яғни 7 жыл қызмет атқарған. Үстелдің үстінде Президенттің күнделікті қызметін айғақтайтын құжаттарды көруге болады. Мәселен, оның сөйлеген сөздері, жазбалары, жұмыс кестесі, блокноты мен еліміздің маңызды құжаттарына қол қойған қаламы бар.
Еліміздің небір күрделі, бетбұрысты кезеңдерінде ең маңызды деген шешімдер дәл осы кабинетте қабылданған. Елбасы мұнда шетел президенттерімен екі жақты ынтымақтастық жайлы әңгімелескен. Әкімдер мен министрлерге, ведомство басшыларына тапсырмалар жүктеді. Қазіргі таңдада бұл кабинет Елбасының қолданыстағы жұмыс орындарының бірі.
«Біз тұрған зал резиденция кезінде Президенттің жұмыс кабинетіне өтетін холл, күту залы болған. Қазіргі таңда бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағы, өмір жолы, еңбек еткен жылдары жайлы баяндайтын «Атамекен» экспозициясын көруге болады», – деді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ экскурсия қызметінің сарапшысы Жадыра ӘУБАКІРОВА.
Экспонаттардан бала Нұрсұлтанның мектеп кезіндегі оқу үлгерімін көрсететін табелін, сүйіп оқыған кітаптарын да кездестіруге болады. Сонымен қатар, экспозицияға Елбасының оныншы сынып бітіргеннен кейінгі виньеткасы, ұстаздарымен түскен фотосуреттері де қойылған.
«Тұңғыш Президент күні біздің мекемемізге ерекше күн деп айтуға болады. Өйткені, Елбасының саясатын насихаттау, көпшілікке жеткізу – біздің міндетіміз, абыройымыз деп айтуға болады», – деді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Кітапханасы» ММ директорының орынбасары Күләйша АҚТАЕВА.
Аталған экспозиция резиденция кезіндегі Мәжіліс залында орын тепкен. Реконструкция «Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі» деп аталады. Резиденциядағы залдардың бірі – «алтын зал». Маңызды стратегиялық шешімдер қабылданған дәл осы жерде бүгінде халықаралық деңгейдегі үлкен басқосулар алаңына айналған Астана қаласының бас құрылыс жоспары да бекітіліпті.
Ал бұл – резиденцияның «күміс залы» немесе үкіметтік наградалар мен сенім грамоталарын табыс етуге арналған ресми рәсімдер залы. Дәл осы жерде еліміздің белгілі азаматтары Елбасы атынан қазақстандық патриотизмді айғақтайтын мемлекеттік наградаларды алған болатын.
Күміс залда Мемлекет басшысына шетелдік делегация басшыларынан, президенттерден берілген кәдесыйлар қойылған. «Әлем таныған Елбасы» деген фотогалерея да осында. Бірегей мұражайда мұрағат қорының 140 мыңнан астам бірлігі, 28 мың кітап және музей қорында 12 мың жәдігер бар. Ал мұнда келушілер саны, әсіресе еліміздің Тұңғыш Президенті күнінде арта түседі екен.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана