Ғалымдар Қазақстан туралы 6 тілде оқулық шығаруды ұсынды

20.12.2018 22:15

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын тек отандастарымызға ғана емес, әлемге паш ету жолдары ұсынылуда.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов Қазақстан туралы оқулық, яғни ғылыми кітап шығаруды ұсынып отыр. Сөйтіп, оны Біріккен Ұлттар ұйымының 6 тілінде басу қажет дейді. Бүгін Алматыда Елбасы мақаласы аясында БАҚ пен қоғам әріптестігінің жаңа форматы талқыланды. Жиынға газет, сайт, портал, телеарна басшылары мен қаладағы оқу орындарының профессорлары қатысты.

«Біздің ойымызша, егер туризмді жақсы дамытсақ, егер шетелдіктерге арналған кітаптар көп болса, ол кітаптарды интерактивті режимде тарата білсек, елімізге бизнеспен айналысу үшін немесе білім алуға келетіндер, турист ретінде келетін жандар саны өте көп болар еді деген ойдамыз», – деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ.

«Бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында қалай көрініс тауып жатыр? Қалай айтылып жатыр? Мысалы, Елбасы мақаласы –  жалпылама сөзбен айтылатын, жай ғана пікір білдіріп қоятын мақала емес. ИәБұл мақаланың ұлт алдына қойып отырған міндеті өте зор. Сондықтан соны терең түсініп талдау керек, талқылау керек», – деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ.