Бетті тұмшалайтын киім-кешек кигендерге айыппұл салынуы мүмкін

27.09.2018 21:30
Бүгін Сенат депутаттары «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға енген кейбір өзгерістерге шамданып, өз пікірлерін білдірді. Шенділердің дені аталған құжаттың шикі екенін алға тартуда. Оның ішінде, бетті тұмшалауға қатысты қолданылатын жаза да айтылған.  


Сенаторлардың аталмыш заң жобасын төменгі палатаға қайтаруының өзіндік себебі бар. Депутаттар аталған құжат бойынша «Жарнама» туралы заңға түзету енгізуді ұсынған. Оған сәйкес, жарнама деструктивтік діни ағымдардың сыртқы атрибуттарын, киім-кешектерін насихаттау үшін пайдаланылмауы тиіс екен. Ал Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев құжаттың ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқанын жеткізді. Айтуынша, осы тектес заң Еуропа елдерінде әлдеқашан қолданылып келеді.

«Жобада бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген. Мұндай шараларды енгізу азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Атап айту керек, мұндай нормалар Бельгияда, Францияда, Болгарияда, Австрияда және басқа да бірқатар мемлекет заңдарында қолданылады. Бұл норма тек дінге ғана қатысты емес. Сондықтан құқықбұзушылық туралы заңға енгізіліп отыр», – деді ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан КӘЛЕТАЕВ.

Сондай-ақ, бетті тұмшалайтын киім киген азаматтарға салынатын айыппұлдың мөлшерін бекіту ұсынылды. Алғашқы айыппұл көлемі 120 мың теңге мен 240 мың теңгенің аралығында болса, аталған әрекет бір жылдан кейін қайталанса, жеке тұлғалар 500 мың теңгеге жуық, лауазымды тұлғалар 721 мың теңге мемлекетке төлейді. Ең қатаң жаза ретінде шенді орнынан айырылып 1 миллион 200 мың теңге төлеуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы осыған дейін мамыр айында Мәжілісте бір ауыздан мақұлданған болатын. Ал Сенатта бүгін тағы бір заң жобасы қаралды. Енді Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше елдер азаматтарының еңбек құқығы қорғалатын болады.

«Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған. Слндай-ақ, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың өз бетінше жұмысқа орналасқан азаматтармен, кәсіпорындарда жұмысқа алатын азаматтармен болған жазатайым оқиғаларды тексеру тәртібін бекітуге арналған», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.

Заң жобасында Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтарымен басқа мемлекеттің аумағында өндірісте жазатайым оқиға орын алса, ол туралы ақпарат ашық және қолжетімді болады. Министрдің пікірінше, заң жобасы зардап шеккен азаматтардың денсаулығына келген зардапты одан әрі өтеуді және өндірістегі жазатайым оқиғамен байланысты өтемақы төлемдерін алуды біршама жеңілдетеді екен.

Теги: киім