Альварес бокстан уақытша шеттетілді

Альварес бокстан уақытша шеттетілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (50-1-2, 34 КО) қазақстандық Геннадий Головкинді (38-1-1, 34 КО) жеңгеннен кейін спорттан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Vesti.kz сайтының мәліметіне қарағанда, Невада штатының Атлетикалық комиссиясы (NSAC) осындай шешім шығарған. Мұндай шектеу боксшылар үшін жекпе-жектен кейінгі қалыпты процедура. Альварестің «шектелу» мерзімі 15 қарашада аяқталады.

Айта кетейік, комиссия шешімімен Геннадий Головкин де 31 қарашаға дейін уақытша шеттеліп отыр.

Альварес пен Головкин жекпе-жегі 16 қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өткен бокс кешінің басты оқиғасы болды. Бұл кездесуде мексикалық төрешілер шешімі бойынша жеңіске жітті, ал Головкин карьерасында алғаш рет жеңіліп отыр.

Жекпе-жектен кейін «Канело» дәрігерлер көмегіне жүгінгенін мойындады. Оның Головкинмен жұдырықтасқан кезде жарып алған қабағына алты жерден тігіс салынған. Мексикалық желтоқсанда рингке оралуды жоспарлап отыр.


Новости партнеров