Халыққа қызмет көрсету орталығы қарағандылық баланың анасына ұлының 19-шы ғасырда тіркелгенін растайтын мекенжай анықтамасын берген, деп жазады Нұр.кз.
Бір қарағанда жай ағаттық болып көрінетін нәрсе болашақта бала үшін үлкен қиындыққа айналмақ. Ол балалар психоневрологиялық диспансерінен жедел медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін.
Балақай жүйке жүйесі мен сөйлеудегі даму ауытқушылығына шалдыққан екен.
Ұл баланың анасы алған мекенжай анықтамасында бүлдіршіннің тіркеуге 19-шы ғасырда алынғаны мәлімделген.
Диспансерге жүгінгенде дәрігерлер мұндай құжатты алудан бас тартып, қатені түзетіп әкелуге кеңес беріпті.
Алайда ағаттықты жөндеу тек ІІМ орталықтандырылған жүйесінде ғана іске асатын болып шықты.
«Мен миграциялық полиция қызметкерлеріне келіп, мәліметтерді жөндеп беруін сұраған едім. Бірақ олар маған ұлымды басқа мекенжай бойынша тіркеу керегін айтты», - дейді Анна Погосова.
2012 жылдың 28 тамызында дүниеге келген баланы не себепті 19-шы ғасырға жазып қойғаны белгісіз. Туыла сала тіркелінетін құжатта 1899 жылдың қайдан алынғаны да түсініксіз.
Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар миграциялық полицияның жүйесіне қатысты пікір білдіре алмайтындарын түсіндірген. Олардың мәлімдеуінше, орталықтың бұл жүйеге кіру құқығы жоқ.