Баянауыл ауданында киік атып алды деген күдікпен төрт азамат ұсталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қазбек Әметов мәлім етті.
«2018 жылы 12-тамызда «Охотзоопром» мекемесінің Баянауыл тірек пункті мен облыстық аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекторлары бірлескен шара жүргізу барысында Майқайың кенті маңында «Daewoo Matiz» көлігін ұстаған», - дейді Қазбек Әметов.
Көлікте Ақсу қаласының 1990, 1992, 1987 жылғы үш тұрғыны мен 1985 жылғы Германия елінің азаматы болған. Тексеру кезінде бір киік пен полиэтилен пакетке оралған екі тегіс оқпанды қару, 13 дана гильза анықталды.
"Аталмыш фактіге қатысты Баянауыл Ішкі істер бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы, 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда сотқа дейнгі тергеу жүргізілде. Бұдан басқа, инспекция басшысы былтыр қазан айында Баянауыл тірек пунктінің қызметкерлері табиғатты қорғау полициясымен бірге Май ауданында екі киікті атып алу фактісін тіркегенін атап өтті. Бұл іске қатысы бар Ақсу қаласының екі тұрғыны ұсталды», - дейді Қазбек Әметов.
«Toyota Surf» көлігін тексеру барысында екі тегіс оқпанды қару мен 84 оқ, атып алынған жануарлар анықталған. Нәтижесінде 6,8 миллион теңге шығын келтірілген. Май аудандық сотының шешімімен 2018 жылы 4-қаңтарда екі азамат кінәлі деп танылып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабы, 4-бөлімі, 2-тармақшасы бойынша үш жылға бас бостандығына шектеу қойылып, үш жыл аңшылықпен айналысуға тыйым салынды.
Заңсыз тапқан олжа мен қару, автокөлік мемлекеттің пайдасына қарай тәркіленді. Инспекция азаматтық тәртіппен жануарлар әлеміне келтірілген 6 миллион 807 мың теңге шығынды толтыру туралы арыз жіберді.