Алматы балабақшаларында робототехника үйірмелері ашылады

20.11.2018 23:09

Алматының балабақшаларында робототехника үйірмелері жұмысын бастамақ. Осылайша, жеткіншектерді ғылымға ерте жастан тәрбилеу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, қаладағы мектепке дейінгі мекемелерде жаңа технологиялар кеңінен енгізілген. Оның ішінде асық, құм және тас терапиясы сынды жаңа әдістер бар.

Бүгінгі таңда Алматыда 773 бөбекжай жұмыс істейді. Бүгін балабақша жетекшілері сол әдіс-тәсілдермен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды.  

«Құм терапиясы балалардың шығармашылығын кеңейтеді. Баланың бойындағы ойлау қабілетін, танымдық қабілетін жан-жақты дамытады. Ең бірінші, баланы тынымсыздыққа, тыныш отыруға, ұқыптылыққа үйретеді. Сонымен қатар, шығармашылық ойлау, қиялдау қабілеті арта түседі. Бала не жасаймын десе де, ең бастысы, құм терапиясын ойнауды білсе, ары қарай өзінің танымдық қабілеттерін арттыра беретін болады», – дейді Алматы қаласы №69 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Айым НАУРЫЗБАЕВА.

«Қазақстан бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелері 2 жылдан бері жаңа стандартпен жұмыс істеп жатқанын білесіздер. Жаңа стандартқа көшер алдында Алматы қаласының 6 балабақшасы Білім министрлгінің эксперименттік базасы болған. Ол жерде 6 жаңа инновацияны жүргізіп, соның нәтижесінде 6 методикалық кітап шықты. Ол әдістемелік кітаптарды қазір Қазақстанның барлық мектепке дейінгі мекемелері қолданып отыр», – деді Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі бөлімінің басшысы Әлия САҒИЕВА.