Алматы мәслихатының 3 учаскесіне депутаттар сайланды

29.10.2018 22:35

Алматы қаласының мәслихаты үш депутатпен толықты. Олар босап қалған орындарға таласқан болатын. Кандидаттарды сайлау 40 учаскеде өткізілді.

Сайлауға Жетісу және Түрксіб аудандарының 22 мыңнан астам халқы қатысты. Науқанға жалпы саны 9 адам, яғни әр округтен 3 кандидаттан таласқа түсті. Сайлаудың нәтижесінде, №25 округтен Асхат Шілікбаев, ал №34 округтен Гүлнас Ахметова және №36 округтен Михаил Грачев мәслихат депуттаттары болып сайланды. Айта кетейік, сайланған депуттаттар жоғары білімді, басшы лауазымдарында қызмет етеді. Ал қалғандары 5 пайыздан жоғары дауыс жинағандықтан сайлау жарнасын қайтарып алуға құқылы.  

«Дауыс берудің қорытындысы бойынша мынандай нәтиже болды. №25 округ бойынша Шілікбаев Асхат Қашқынбайұлы 70,4 пайыз дауыс жинады. Осымен ол сайлауда жеңіске жетіп, депутат атанды. Ал №34 округ бойынша Ахметова Гүлнас Кенжетайқызы 73,3 пайыз дауыс жинаса, №36 округтен Грачев Михаил Владимирович 72,8 пайыз дауысқа ие болды. Осылайша, көшбасшылар анықталып, олар жақын арада жұмысқа кіріседі», – деді Алматы қалалық Сайлау комиссиясының төрайымы Жанна АСАНОВА.

Еске сала кетейік, Алматыда 28 қазан күні шығып қалған жергілікті мәслихат депутаттары орнына сайлау өткен болатын. Сайлау кезінде ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Саяси доданың барысын 300-дей бақылаушы мен депутаттыққа үміткерлердің сенімді өкілдері бақылады. Ал сайлауда алғаш рет дауыс берген 18 жасқа толғандар мен қарттарға сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ, тізімге ілінбей қалғандарға әр округте тұрған халыққа қызмет көрсету өкілдері көмектесті.  

«Таң атпай ерте тұрып, өзімнің конституциялық құқығымды негізге ала отырып, таңдау жасадым. Дауыс бердім. Дауыс беру әрбір Қазақстан азаматының міндеті деп білемін. Бүгінгі тұрғындар сайлауға белсене атсалысуда. Еліміздің өркендеуі үшін, рухани жаңғыруы үшін әрбір 18-ге толған кәмілеттік жасқа толған азамат пен еңкейген қартқа дейін дауыс беруді міндет санауы тиіс деп білемін», – деді №84 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Адема КӨКЕКОВА.

«Біздің жағдайымыз жасалған. Барлығы жақсы. Енді осы ауданымызға балалар ойнайтын алаң жасап беремін деген уәде берілді, сол уәде орындалады деген сенім бар. Көршілерім өте жақсы, ұйымшыл. Бәріміз бірге келдік. Дауыс беріп шығып кетті ол кісілер», – деді зейнеткер Мәрзия АТАЖАНОВА.