|
08.11.2018 | 15:10
4363

Хирургтер балалар ағзасынан шығарылған бөгде заттар коллекциясымен таныстырды

Хирургтер балалар ағзасынан шығарылған бөгде заттар коллекциясымен таныстырды

Астаналық дәрігерлер балғындардың ағзасынан шығарылған бөгде заттарды көрсетті. Елордалық хирургтер 18 жыл бойы жинаған бірегей коллекция №2 қалалық балалар ауруханасында таныстырылды. Анықталғандай, биыл тыныс алу және ас қорыту жолы арқылы 200-ге жуық баланың азғасына түрлі заттар түсіп кеткен.

Оқыс жағдайға ұшыраған бүлдіршіндерге эндоскопиялық және хирургиялық әдіспен ота жүргізіліп, осылайша олар ажал аузынан аман алып қалған. Түйме, тиын, магнит, мақта, тіпті, ине мен шегелер бар. Бұл заттардың барлығы балғындардың ішінен арнайы ота арқылы шығарылған.

Астанада биыл 158 оқыс жағдайға ұшыраған балаға хирургиялық және эндоскопиялық операция жасалды. Ақ халаттылар күрделі саналатын бұл оталардың барлығын дерлік шұғыл түрде жүргізуге тура келгенін айтады. Себебі, бүлдіршіндердің бойындағы бөгде заттар өмірлік маңызы бар мүшелердің функциясын тоқтатуы әбден мүмкін.  

«Түйреуіш, ине сияқты бөгде затты жұтып қойған жағдайда асқазан-ішек жолдарын кесіп, 100 пайыздық ота жасауға тура келеді. Сол сияқты, тыныс алу жолдарынан да бөгде заттар алынып жатады, яғни көбінесе түйме мен тиындар шығарып жатамыз. Тиындарды жұтып қойған кезде тыныс алу жолдарының толық жабылып қалуы науқастардың өлім жағдайына әкелуі мүмкін», – деді Астана қаласы №2 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айдын ӘШІМХАНОВ.

Дәрігерлердің сөзінше, оқыс жағдайға әсіресе, 1 мен 3 жас аралығындағы балалар ұшырап, түрлі нәрсені жұтып қояды. Сондықтан олар ата-аналарды өте сақ болуға шақырады. Үйде бөлшектенетін, ұсақ заттарды балалардан алыс ұстауға кеңес беруде.  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир