«Ота жасатуға ақшалары жоқ»: қазақстандықтардың үштен бірі семіздікке шалдыққан

14.12.2018 в 20:12

Қазақстанда ер кісілердің 33%-ы, ал әйелдердің 36%-ы пайызы семіздікке шалдыққан. Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, артық салмақ 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың 21 пайызында анықталып отыр. Салмағы шамадан тыс асқандарға отандық дәрігерлер қол ұшын беруге дайын. Тіпті, ерекше ота түрін ойлап тапқан. Бірақ, хирургтардың араласуына көпшіліктің қолы жетпейді.

Аты-жөнін жасыруды сұраған 33 жастағы келіншектің ағзасы туа бітті артық салмаққа бейім. 1,5 жыл бұрын салмағы 176 килограмм тартқан әйел өткенін еске алудан қорқады. Жүріп-тұру, бала тәрбиесі мен әйел шаруасынан қалған жан отбасына да «ауыр» болғанын айтады. Салмақпен бірге қант диабеті асқынып, жүрек қағысы нашарлаған азаматша тек ота арқасында аман қалған.

«Өмірім қыл үстінде болды. Өзіме көмек бере алмайтынымды түсініп, ота жасауға бел будым. Бірақ ақша жағы қиындау болды. Несие, қарыз, жеке жинағамызбен 1,5 жарым миллион теңгеге отандық дәрігерлер асқазанымды өзгертті. Хирургиялық көмектің арқасында  денсаулығым қалпына келді. Қант диабеті кетіп, қан қысымым қалпына келді. Артық салмақтан аяғымдағы тамырлар жарылған болатын. Ол да ғайып болды», - дейді науқас әйел.

1960 жылдан бері медицинада бар бариатриялық ота, яғни артық салмақты арылтатын хирургиялық әдісті Орал Оспанов 20 жылдан бері жасап келеді. Дамыған елдерде бір жылда осындай хирургиялық көмекке төрт мың адам жүгінсе, бізде мамандарға осы аралықта тек 100 адам ғана барыпты. Бұл елімізде семіздікпен күресуге көбінің қаржысы жетпейді деген сөз. Сондықтан хирург артық салмаққа душар азаматты емдеу жолында асқазанды кішірейту отасын Тегін медициналық кепілдендірілген көмек пакетіне енгізілгенін қалайды.

«Мен елімізде семіздік проблемасы айтарлықтай деңгейге жетті деп ойлаймын. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне асқазанға жасалатын отаны енгізсек, құны қымбат хирургиялық әдісті ел азматтарына тегін көрсете алар едік. Отаның құны неге миллионнан әрі асады? Өйткені, керек сайман-құрал АҚШ-тан әкелінеді, яғни доллармен есептеледі», - дейді Қазақстан Бариатрикалық және метаболикалық хирургтар қоғамының президенті Орал ОСПАНОВ.

Елдегі ерлердің – 33,3%, әйелдердің 36,5 пайызында артық салмақ бар екенінен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы да хабардар. Бұл аздай, жақын күндері аталған дертпен ауыратындардың қатары тағы өсуі мүмкін. Өйткені, ер азаматтардың 8 пайызы мен әйелдердің тағы 10 пайызынан семіздіктің алғашқы және үшінші деңгейі анықталған. Бұл індет балалар мен жасөспірімдер арасында да өршіп тұр.

«Қазақстанда 1 жастан 14 жасқа дейінгі әрбір бесінші бала артық салмақтың түрлі деңгейіне душар. Жалпы, «семіз» деген диагноз 11 пайыз балаға қойылған. Бұл індетті жеңудің жолы – дұрыс тамақтану мен спортта. Жастар бүгінде жеңіл тағам мен орнықты жұмысты таңдайды. Демек, бұл диагнозбен күреспесек, жылдан жылға жастардан да табыла береді деген сөз», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маманы Раушан КЕНЕБАЕВА.

Семіздік дерті бүгінде әлемді алаңдатқан проблеманың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен жылы санақ жүргізіп, дамыған 35 елдің әрбір екінші ересегі мен алтыншы балақайынан осы дертті анықтаған. Туа бітті немесе тәбеті жақсы адамдарға жабысқыш аурудан жыл сайын 2 миллион 800 мың адам көз жұмады екен.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана