ALMATY ARENA мен HALYK ARENA Орталық Азия аумағындағы теңдессіз спорт кешендері саналады. Тіптен, әмбебаптығы жағынан әлемде үздік отыздыққа кіреді. Сарапшылардың пікірінше, қыстық және жаздық спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беретін заманауи кешен кәсіби ғана емес, әуесқой спортшылардың көбеюіне де мүмкіндік береді.
Бүгінде аталған кешендерде конькимен жаппай сырғанау маусымы ашылды. Ал қала әкімдігі бұл жерлер аздық етпес үшін қаланың әр ауданынан тегін коньки тебетін мұз айдындарын тағы да ашпақ.
Аумағы 1800 шаршы метрді құрайтын ALMATY ARENA айдында жаппай сырғанау тек сенбі және жексенбі күндері ғана өтеді. Сағат 11-ден түнгі 23-ке дейін бес ауысыммен жұмыс істейтін айдында күніне 1250 адам еркін демалуға мүмкіндік бар.
Осымен үшінші жыл жаппай сырғанау маусымын ұйымдастыруға дайындалған аренаның әкімшілігі әуесқой конькишілердің саны артып келеді дейді. Өткен маусымда мұнда 500 мыңнан аса адам аяғына коньки киіпті. Көпке қажетті конькидің барлық өлшемін жаңалаған аренаның адамдары сапалы қызмет көрсетуге саймыз дейді.
Бес ауысыммен жұмыс істейтін айдынның бағасы бес түрлі. Таңғы кестенің құны 300 теңгеден басталса, кешке қыдыру ересектер үшін 1 500 теңге. Әрбір екі сағат сайын арнайы машина мұзға ыстық су шашып, кристалды қабатын жаңалап тұрады.
«Адамдар биыл көп келеді деп ойлаймыз. Үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз, халық үйрене бастады. Қауіпсіздік үшін 14 жасқа дейінгі балалардың басын, шынтағын және тізесін қорғайтын арнайы киімдер кигізіп қана мұзға жібереміз», – дейді ALMATY ARENA мұз айдынының әкімшісі Дархан ЕГІНБАЕВ.
Ал, қаланың шығысындағы HALYK ARENA кешенінде бір мезетте екі сырғанақ айдыны қатар жұмыс істейді. Жалпыхалықтық жаппай сырғанау тек сенбі-жексенбі күндері болса, басқа күндері шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, керлинг сынды қысқы ойын түрлерінен командалар жаттығады.
«Мұндай мұз айдындар әлемнің барлық елінде бар деп айта алмаймыз. Орталық Азия бойынша теңдесі жоқ. Ал, әлем бойынша алатын болсақ, екеуі де үздік отыздыққа кіреді. Бұрындары шетелге ақшамызды көп шашатынбыз. Бүкіл спортшыларымы шетелге барып жаттығатын. Қып-қызыл шығын. Ал енді барлығы өзімізде дайындалады», – дейді спорт шолушысы Рауан ОҚАС.
Қала әкімдігі төрт ірі мұз айдынымен ғана шектелмей (ALMATY ARENA, HALYK ARENA, «Медеу» Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы), ашық аспан астында тағы бес жерден әуесқойларға арналған сырғанау алаңдарын ашпақ. Желтоқсан айының бірінен бастап бұқараға берілетін орындарды дайындау жұмыстары қазір жүріп жатыр. Кең көсіліп сырғанау үшін биыл ашылатын орындардың әрқайсысы 900 шаршы метрден кем болмайды.
«Мұз айдынында сырғанау 100% тегін болады. Өзінің конькиімен келген адам кез келген уақытта ақысыз сырғанай алады. Биыл сырғанау уақыты түнгі сағат 11-12-ге дейін ұзарды. Былтыр конькиді жалға алу 600 теңге болса, биыл ол жүз теңгеге қымбаттап, есесіне екі сағат сырғанауға мүмкіндік бердік», – дейді жоба жетекшісі Мұхамеджан ӨСЕР.
Сонымен, алдағы айда ашылатын айдындар:
• Орталық мәдени және демалыс саябағы;
• «Атакент» көрмесінің алды;
• Тұңғыш Президент саябағы;
• Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысы;
• «Март» сауда ойын орталығының жаны.
Биылғы қыстың ұзақ болатынын ескерген ұйымдастырушылар кем дегенде жарты миллион жан сырғанау киімдерін жалға алады деп, төрт жарым мың жаңа коньки қосыпты.
Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбаеов, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы