Тіркелмеген телефондар Жаңа жылда байланыссыз қала ма?

10.12.2018 21:13

Астанада жол-көлік оқиғалары 16 пайызға төмендеген.

Мұндай жағымды көрсеткішке елордада «Смарт Сити» бағдарламасының аясында орнатылған «Сергек» бейнебақылау камералары септігін тигізуде. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына арналған Үкімет сағатында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

«Халықаралық тәжірибелерді зерттей келе, өзіміздің «Смарт сити» тұжырымдамамызды әзірлеп отырмыз. Онда білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, көлік және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сияқты бес басым бағыттар белгіленген. Бүгінде еліміздегі барлық облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен аталған салалардағы жобалар жемісті іске асуда. Мәселен, Алматы қаласындағы көшелерді ақылды жарықтандыру жүйесінің арқасында электр қуатын 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік туған», – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

Министр, сондай-ақ ұялы телефондарды тіркеу үшін небәрі, үш аптадай уақыт қалғанын еске сала кетті. Осыған дейін 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап IMEI-кодын тіркемеген абоненттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді делінген болатын. Белгілі болғаны, бүгінге дейін еліміздегі 26 миллион абоненттің тең жарымы ғана тіркеуден өткен. Халық қалаулылары тіркелмеген телефондар Жаңа жылда байланыссыз қала ма деген сауал жолдады.

«Бүгінде қазақстандықтардың бірнеше ұялы телефоны, демек, үш-төрт сим картасы бар. Ресми мәлімет бойынша, ел тұрғындарының бүгінге дейін 70 пайызы телефондарын тіркеген. Демек, пайдаланушылардың басым бөлігі имей-кодтарын рәсімдеп үлгерген. Бұдан бөлек, көліктердің сигнализациясы сияқты тіркелмейтін құрылғылардың 3 пайыздай бар екенін ескерген жөн. Сондықтан Жаңа жылда қазақстандықтар байланыссыз қалмайды деп ойлаймын», – деді Дәурен АБАЕВ.