Тұңғыш Президент күні қарсаңында Алматыда оқушыларға арналып Jarys Arena спорт кешені ашылды. Ол қаладағы №40 мектеп аумағында салынған. Елбасы халыққа арналған жолдауында тұрғын үйлердің аулаларына, мектептер және саябақтарда спорттық алаңдарды көбейту қажеттігін тапсырған болатын. Бұл спорт нысаны жолдаудың аясында ашылып отырған қаладағы алғашқы кешен.
Спорт кешендерінің жалпы аумағы 1 гектарды құрайды. Мұнда 2 жабық футбол, жүгіру, волейбол және баскетбол ойнауға арналған алаңдар бар. Оның барлығы жеке инвестордың қаражатына тұрғызылған. Кәсіпкер спорт нысандарын салуға 300 миллион теңгеден аса қаражат жұмсаған.
«Елбасы тапсырғандай, бос жатқан алаңдарды біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдаға асырып жатырмыз. Осындай алаңдарда таңертең балалар сабақ өтіп, жүгіреді, ойнайды. Кешке сіз өзіңіз спортпен айналыссаңыз болады. Қалада спортпен шұғылданатын адамдар көп қой. Сіз құйған ақшаңызды осылай қайтара аласыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген нысан Бостандық ауданындағы №40 мектеп алаңында салынды. Оқушылар стадионда таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін ойнай алады. Қалған уақытта алаңды өзге азаматтарға жалға беру арқылы шығынын қайтаруға мүмкіндік жасалып отыр.
Мектеп оқушылары мұнда сүйікті спорт түрімен емін-еркін айналыса алады. Жабық футбол алаңы заманауи талаптарға сай тұрғызылған. Жасанды көгал да антиаллергиялық материалдардан жасалған.
Бұл спорт нысаны Елбасы жолдауы аясында ашылып отырған алғашқы нысан. Мемлекет басшысы келесі жылы кем дегенде 100 спорт кешенін тұрғызуды тапсырды.
«Стадион біріншіден, өте ыңғайлы. Жарық жағын алатын болсақ, күндіз болсын, кешке болсын, ойнағанға өте ыңғайлы. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Жуынатын бөлме, ойыннан кейін жуынуға қажетті ыстық су, суық су, бәрі жаңа заманға салынған», – дейді тұрғын Ерлан ТӘУКЕЕВ.
«Ойыншы ретінде мен бұл алаңға мен жоғары баға беремін. Алаң жақсы салынған. Осы алаңды ашқан адамдардың еңбегі, төккен тері көрініп тұр. Жарық, қақпа, инфрақұрылым, барлығы жақсы салынған», – дейді тағы бір тұрғын Жансерік МАҚАШЕВ.
Осы жылдың аяғына дейін бизнесмен қаладағы №95 мектепте дәл осындай спорт кешенін тұрғызбақ. Онда оқушылар тегін дайындалу мүмкіндігін иеленеді. Сонымен қатар, шетелдік футболшыларды шақырып арнайы шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды көздеп отыр.
«Африка интернейшнл» деген команда бар. Сонда Самолиден, Нигериядан келген азаматтар бар. Сол кісілер осы мектептің балаларын оқытады. Ақшасын біз өзіміз төлейміз, ата-аналар төлемейді. Оқушылар тегін дайындалады. Аптасына 3 рет футбол үйренеді. Қалған күндері сол африкалық азаматтардан ағылшын тілін үйретеді. Себебі, біздің болашақта Еуропаға шығатын ойымыз бар», – деді кәсіпкер Ақылбек АҚҚАЙЫР.
Жас кәсіпкер қолға алған жобасын еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асырмақ ниетте. Алаңдардың барлығы дерлік заманауи түрде жасалады. Құрылысқа қажетті заттар тек отандық өндірушілерден сатып алынады.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы