Ақтөбеде 30-ға жуық жасөспірім зират басында төбелесіп, біреуі ауруханаға түсті

Ақтөбеде 30-ға жуық жасөспірім зират басында төбелесіп, біреуі ауруханаға түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

10 қаңтар күні Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданындағы зират басына жиналған төрт мектептің оқушылары арасында төбелес шығып, бір жеткіншек пышақ жарақатын алды, деп хабарлайды NUR.KZ.

«Ақтөбе қаласының №13, №15, №22, №32 мектеп оқушыларының арасында төбелес болған. Неден басталғаны әлі толық белгісіз, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Елек полиция бөлімінде адамға дене жарақатын салу және ұсақ бұзақылық бойынша екі іс қозғалды. Қазір №22 мектептің оқушысын күдікті деп отыр.

Ата-аналар мен мұғалімдер шақырылып, балалармен жекелеген жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ күдікті ретінде ешкім қамауға алынған жоқ», - дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Саят Сүлейменов.

Пышақ жарақатын алған 17 жастағы жігіттің әкесі баласының қансыраған күйі мектепке келгенін айтады. Жарақат алған жасөспірімге жедел жәрдем шақыртылмай, ауруханаға таксимен барған.

«Жұмыста жүргенімде «Балаң пышақ жарақатын алды» деп жедел жәрдемнен хабарласты. Сол жақ қолтығының астынан пышақ кірген. Пышақ нерв тамырына тиген. Сол себепті мүгедек болып қалуы мүмкін.

Ұлымның айтуынша, сол күні сағат 4-тер шамасында досы шақырған.  30-40 бала зираттың басында жиналған.

Балам үйде адам болмаған соң қансырап мектепке барыпты. Сол жерде таксиге отырып, ауруханаға барған.

Күдікті деп отырған баланың ата-анасы үйімізге келді. «Балаларың өлген жоқ, кешірім берсеңіздерші» деді.

Қазір балам бір қолы жасамайтын мүгедек болып қалды. Іс қозғалу үшін өлу керек пе?», - дейді пышақ тиген баланың әкесі Нұрлан Теңелов.

Бес баланың әкесі жарақат алған ұлының Жұбанов университетіде 1 курс оқитын студент екенін айтты.

Ал күдікке ілінген жасөспірім болашақта полиция қызметкері болуды армандап жүр екен.

«Бұл жағдай әлі дәлелденген жоқ. Біздің мектептің оқушысы болашақта полиция болам деп жүр.  Сол күні досы шақырып барған екен», - дейді №22 мектептің директоры Айгүл Алдиярова.

Дәрігерлер пышақ жарақатын алған жасөспірімнің мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтып отыр.

«Жарақат сол жақ иықтан кеуде қуысына тимей кірген. Бірден отаға алынды. Қазіргі уақытта баланың денсаулығы қалыпты. Нерв тамырларының жарақаттануына байланысты бір қолы жұмыс жасамауы мүмкін», - дейді дәрігер Саслан Өтегенов.


Новости партнеров