«Шымбұлақта» шаңғы тебуді үйренгісі келетіндер үшін қосымша трасса салынады

09.11.2018 22:50

«Шымбұлақта» шаңғы тебу маусымы ашылды. Тау-шаңғы курортының басшылығы көптен күткен сырғанау маусымына бірнеше тосынсый әзірлеп қойыпты. Ең бастысы, төменгі жағы мөлдір әйнекпен қапталған кабиналар. Табиғатты тамашалауға арналған қаладағы ең биік алаң 3200 метр биіктікте орналасқан.  

Едені әйнектен жасалған жаңа фуникулерға кірсеңіз, әсері ерекше. Ағаштар мен шыршалар төмен жақта жүзіп бара жатқандай күйге бөлейді. Айналаны 360 градуста тамашалауға болады. Әзірге мұндай кабинаның тек 5-еуі ғана бар. Олар Медеу-Шымбұлақ бағытында жүреді.

«Швейцарияда өндірілген панорамалық шолу кабиналарының сапасы барлық халықаралық стандарттарына сай. Оларды қауіпсіз деп толық сеніммен айта аламын. Мұндай кабинада тұрып айналаны биіктіктен шолу шатқалдардың үстінен ұшып бара жатқандай әсер қалдырады», – деді демеуші компания президенті Ун Чол ЮН.

Биылғы сырғанау маусымының қарашада ашылуы «Шымбұлақ» үшін тарихи жағдай. Шаңғы тебуді ерте бастау – жасанды қар жаудыратын мынадай қар зеңбіректерін орнатудың арқасында мүмкін болып отыр. Мұндай құралдың ондаған данасы 100 мың текше метрден аса ақ ұлпа жасап үлгерген.

«Біз биыл шаңғы тебуге келушілерге жайлы болуы үшін ертерек ашылдық. Сырғанауға келетін адамдар саны тым көбейіп кетсе жарақат алу жағы жиілейді әрі кезекте көп тұратын болады. Ерте ашылғанымыздың арқасында бір маусымда келетіндер саны бөлініп, сырғанауға қолайлы жағдай туды. Техникалық жағын айтсақ, биыл жауын-шашынға қарамастан жасанды қар шығаратын 40-қа жуық қар зеңбірегін іске қостық. Соның арқасында «Шымбұлақты» маусымның басталуына қажетті қармен  қамтамасыз еттік», – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының директоры Ержан ЕРКІНБАЕВ.

Келушілер үшін тағы бір жағымды жаңалық – әжетхананың салынуы. Мұнда ешқандай кәріз жүйелері болмағандықтан, 3200 метр биіктікте дәретхана орнату- күрмеуі қиын мәселе еді. Сондықтан, курорт басшылығы ағынды сулар арқылы жұмыс істейтін тазарту қондырғылары бар заманауи дәретхана сатып алған.

«Осы маусымда Талғар өткелінде айналаны биіктен көруге арналған алаңдар жөндеуден өтеді. Бұл қаладағы ең биік алаң болмақ және ол курортқа келіп, қаланың әдемі көрінісін тамашалаймын деушілер қатарын көбейтеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, биыл жаңа сноупарк салынады. Шаңғы тебуді жаңадан үйреніп жүргендер үшін қосымша трасса саламыз», – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының маркетинг бойынша директоры Владислав СЕМЕНОВ.  

Демалыс күндері «Шымбұлаққа» 10 мыңға дейін адам келеді. Бұл бір жылда 600 мың адам келеді деген сөз. Оның үштен бірі – шаңғы тебетіндер. Мұнда келушілер саны жыл сайын 20 пайызға артуда. Яғни, алматылықтар мен қала қонақтарының қысқы спорт түріне қызығушылығы артып келеді.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы