Денис Теннің өліміне күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

19.11.2018 20:18

Сот Денис Теннің өліміне күдіктілерді қамауда ұстау мерзімін 15 күнге ұзартты, деп хабарлайды Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.


Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен бұлтартпау шарасы ретінде Нұрлы Қиясовты қамауда ұстау мерзімі 3 желтоқсанға дейін, Арман Құдайбергеновты — 4 желтоқсанға дейін, Жанар Толыбаеваны — 7 желтоқсанға дейін ұзартылды.


Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін бұлтартпау шарасының мерзімі 22 қазаннан 6 қарашаға дейін ұзартылған болатын.


Танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілдеде Алматы қаласының орталық көшелерінің бірінде кісі қолынан ажал құшты. Ол көлігінің айнасын ұрлағалы жатқандарды тоқтатамын деп пышақ жарақатын алған. Спортшы ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенімен, көп қан жоғалтқандықтан, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті ретінде 24 жастағы Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов ұсталды. Ал Жанар Толыбаева кісі өлтіру туралы хабар бермегені үшін күдікке ілінді.