Алматыда орталық жылу желісі 15 қазанда іске қосылады. Бұл туралы ҚазАқпарат сайты қалалық Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер, балабақшалар, ауруханалар 12 қазаннан бастап жылу желісіне қосылады. Жаңа жылу маусымына дайындық жұмыстарының барлығы белгіленген кестеге сай жүріп жатыр. Қаланың жылу энергиясы кешендері жұмысқа 100% дайын», - деді басқарма өкілдері.
Басқарма басшысы бұған дейін биыл жылу ақысы қымбаттамайтынын хабарлаған болатын. Қалада биыл 12 шақырым жылу желісі, 23 шақырым электр желісі, 283 шақырым су құбыры мен 267 шақырым кәріз желісі қайта жасалды.