Астаналық азамат жасөспірім қызбен жүргені үшін 10 жылға сотталып кетті

13.12.2018 20:21

Кәмелет жасына толмаған қызбен жүрген Астана қаласының тұрғыны он жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ұлдың ата-анасы баласына жала жабылғанын, соттың жабық есік жағдайында өткенін, арыз жазған қыздың анасы баласынан ақша бопсалағанын айтады, деп хабарлайды NUR.KZ.

Астанада 19 жастағы жігіт кәмелет жасына толмаған қызбен жүрген. Екеуі де қаладағы №13 орта мектепте білім алып, 9 сыныптан соң оқуларын орта кәсіптік білім беретін оқу орнына ауысып кеткен.

Жас жігіт анасы Самал Жанболатованың сөзінше, жасөспірімнің анасы ұлының үстінен «қызымды зорлады деп» арыз түсірген. Самал тіпті, қыздың анасы ұлынан 100 мың теңге ақша бопсалағанын да жеткізді.

Ал тәртіп сақшылары мән-жайды тексерместен, ұлын қамап тастаған. Сот жабық есік жағдайында өтіп, бір айдың көлемінде үкім шығып, ол он жылға сотталып кеткен.

«Өкінішке қарай, істі қарағандар бізден жауап алған жоқ. Бас-аяғы, жиырма күннің ішінде ұлымды он жылға қамап тастады. Баламның кінәсі жоқ. Оған жала жабылып отыр. Оны бойжеткеннің көршілері де растайды», - дейді шындық іздеп шырылдаған ана.

Көршілері де бойжеткен анасының араққа әуес екенін, ішіп алып ауланы талай рет басына көтергенін айтады.

Қызға сабақ берген Астанадағы №13 мектептің мұғалімі де қыздың анасымен жалғыз тұрғанын, білімі де тәрбиесі де нашар болғанын растап отыр.

Бойжеткеннің анасына жігітті жақтаушылар қоңырау шалып жағдайды білді.

«Қарап тұрсақ, баланың өміріне балта шаптық. Қазір ол 19-да. 10 жылдан кейін жасы 29-ға келеді. Бүкіл өмірі қапаста өтетін болды. Шағымымды қайтарып алғым келген. Бірақ ала алмай жатырмын», - дейді арыз жазған ана.