Өнер ордасындағы дау. Абай атындағы опера және балет театрының артистері директорлары Асқар Бөрібаевтың орнынан кетуін талап етті. Айтуларынша, соңғы жылдары шығармашылық ұжымның жұмысы кері кеткен. Театр артистерінің жанайқайынан кейін Бөрібаев қызметтен кету таралы арыз жазды. Бүгін аталмыш театрға уақытша жаңа басшы тағайындалды. Бұған қатысты Мәдениет министрлігі не айтты?
Кеше кешке Опера және балет театрында болған наразылық ереуілі кезіндегі әртістер театр директорының орнынан кетуін талап етіп, репетиция кезінде тапжылмай сахнаға отырып, қарсылықтарын білдірген.
Даудың басы қараша айында басталған. Театр артистері жалақы тым төмен деп Мемлекет басшысы атына хат жолдаған. Хатта театр өнерпаздары «даяшы, күзетші болып қосымша жұмыс істеуге мәжбүрміз» деген-ді. Сол кезде театр жетекшісі Асқар Бөрібаев жалақы мәселесінің тек бір жылдан кейін ғана шешілуі мүмкін екенін айтқан. Бұл жауап шығармашылық топты тыныштандыра қоймаған. Кеше кешкісін труппа алдағы премьераның репитициясынан бас тартыпты.
«Опера және балет театрының әртістері «директорлық орнын босатсын» деп директорға талап қойдық. Себебі, Асқар Бөрібаевтың директор болғанына 4 жылдан асты, осы жылдары театр үшін ешнәрсе істелген жоқ», – дейді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының хор әртісі Қанат МАТАНОВ.
«Біз қанша рет өтініш білдірдік, бірақ ол кісі тек біздің жетекшіміз арқылы келсін дейтін. Егер ол әртістердің жоғын жоқтайтын директор болмаса, оның бізге не үшін керегі бар екенін түсінбеймін», – дейді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының тағы бір хор әртісі Нұржан ӘБУСАҒАТОВ.
Бірнеше күннен соң аталмыш театрда екі бірдей спектакльдің премьерасы өтеді. Әртістер сақадай сай болғанымен, аз күн қалғанда ауысқан дирижер ұжымға бейімделіп үлгерер ме екен деп алаңдаулы. Өнер ұжымының жанайқайынан кейін театр басшысы өз еркімен қызметтен кету туралы арыз жазған. Бүгін таңертен Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова Ая Қалиеваны уақытша басшы ретінде ұжымға таныстырды.
«Қазір театрда кадрлық өзгерістер болып жатыр. Бүгін Асқар Бөрібаевтың орнына директор міндетін атқарушы болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ая Қалиева директор болып тағайындалды. Ал шығармашылық ұжымның жалақысын көтеру мәселесі арнайы талқылауды қажет етеді», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.
Қазақ өнерінің қарашаңырағында қызмет етіп жатқан ұжым театрдың қордаланған мәселелерін енді жаңа басшылары шешеді деген үмітте.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы