Демалыс күндері Алматы тұрғындарын қандай мәдени шаралар күтіп тұр?

05.10.2018 20:28

Алматыда Орталық Азия қолөнер шеберлері бас қоспақ. Қалада дәстүрлі «Алтын алма» қолөнер жәрмеңкесі өтеді. Алдағы демалыс күндері қала қонақтары мен тұрғындары бірқатар мәдени шараға куә болады.  

Бұл көрмеге Ресей, Тәжікстан, Түркменстан және Грузия сияқты жалпы, 9 елдің қолөнер шеберлері келеді. Алманы сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің төл туындыларында, зергерлік бұйымдарында, шағын гобелендерінде, киіз бен тері бұйымдарында кездестіруге болады. Жәрмеңкеде сәндік сөмкелер, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар, түрлі ойыншықтар, текеметтер, көрпелер көпшілік назарына ұсынылады. Одан бөлек, шараға қатысушылар үшін ісмерлер шеберлік сабақтарын өткізеді. Жәрмеңке 6-7 қазан күндері Орталық мемлекеттік Орталық музейінде ұйымдастырылады.

«Алматы қаласындағы қыштан бұйым жасау бойынша хас шебер Әлиасқар Мұсаев өз туындыларын қояды. Сонымен қатар, қыш өнерін үйренемін, көремін, жасап білемін деген жас шеберлерге, жас суретшілерге және балшықты ұстап, сезініп көргісі келетін қонақтарымыздың бәріне екі күні бойы шеберлік сыныптарын жүргізбек», – деді ұйымдастырушы Бақыт ӘБДІКӘРІМ.

Демалыс күндері сонымен қатар, М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында қызықты қойылымдар күтеді. 6 қазанда «Мани-мани» қойылымы сахналанса, жексенбі күні «Отыз ұлың болғанша» мұңды комедиясы қойылады. Спектакль төрт кейуана төңірегінде өрбиді. Одан бөлек, 93 маусымда театр ұжымы көрермендерді бірнеше тың қойылыммен қуантпақ.

«11, 12 және 13 қазан күндері Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арнап режиссеріміз Дина Жұмабаева түсірген «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымы  саханаланбақ. Қазір труппаның екінші жартысы қазақ театрының тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде сахналап жатқан Лев Толстойдың «Анна Каренинасына» дайындалып жатыр», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат МАЕМИРОВ.

«Трансформа» мәдени кеңістігінде SAGE этно-эксперименттік жобасы концерт қоймақ. Кеште алматылықтар өзінің қайталанбас стилімен ерекшеленетін өнер иесінің әндерін тыңдай алады.

7 қазанда Алматыдағы «Атакент» көрме орталығының алдында дөңгелекті спорт түрі арасында халықаралық фестиваль өтпек. Мұнда велосипед, самокат және өзге де әуесқой спорт құралдарына қызығушылар бас қоспақ. Сондай-ақ, фестиваль аясында Қазақстан, Ресей спортшылары шеберлік сабақтарын өткізеді.


Перизат Көмекбайқызы, Қант Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы