Алматылық дәрігер өзін «алаяқ» атандырғандарды іздейді. Белгілі болғандай, әлдекімдер білдей бір бөлім меңгерушісінің атын жамылып, Инстаграм желісінде парақша ашқан. Онымен қоймай, жұртқа сан түрлі сылтау айтып, жаппай ақша жинапты. Қазір пысықайлардың жымысқы әрекетінен алданған 10 шақты адам бар. Дегенмен, дәрігер зардап шеккендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін дейді.
Бәзбіреулер алматылық дәрігер Мақсат Болатұлын «алаяқ» атандырды. Айтуынша, пысықайлар бір айдан бері халықты алдап, ақша жинап келген. Ол бұл туралы достарынан естігенде талып түсе жаздадым дейді. Өйткені, алаяқтар ақ халатты абзал жанның отбасылық суреттері мен жеке деректерін алып, елдің сеніміне оңай кірген. Ал экранның ар жағындағы адамның айтқан сылтауларында есеп жоқ деп таңғалып отыр.
«Яғни, бір кісілерге «бір күннің ішінде, сағат 12-ге дейін 30 мың теңге салсаңыз, ертең 12-ге дейін 300 мың теңге етіп қайтарамын» деген. Бір кісілерге «анам қатты ауырып жатыр, соған байланысты маған көмек беруіңізді сұраймын» деп жазған. «Сенің Инстаграм парақшаңнан көрдік. Сен елдерден ақша жинап жатыр екенсің. Саған ақшаңды қайтар деп жатыр», деді таныстарым. Содан кейін мен өзім жаңағы ақша аударған тұлғаларға хабарласа бастадым», – деді Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасы Статистика бөлімінің меңгерушісі Мақсат МАМЫРҚҰЛ.
Зардап шеккендер еліміздің әр түкпірінен екен. Мәселен, алаяқ Семей тұрғынына «ақшаңды ұтысқа қойып, 2-3 есе көбейтіп беремін» деп сендірген. Айласына құрық бойлатпайтын пысықайлар тіпті, ертесі күні де хабарласып, 140 мың теңге көлемінде ұтысқа жеткенін айтқан. Оны алу үшін комиссияға 35 мың теңге құюын сұрапты. Ал содан кейін зардап шеккен азаматшаның аккаунтын мүлде бұғаттап тастаған. Қыз алаяқ құжаттарын көрсеткіндіктен сендім дейді.
«Ол кісі маған жазылды. Сол арқылы ақша жеңіп алуға болады дегенді көрдім. 30 мыңнан басталады деген. Бірден сол кісімен сөйлестім, ол кісі маған «30 мың салсаңыз, шамамен, 120 мың теңге ұтып алуға болады» деді. Мен сендім де, 30 мың теңге салып жібердім. Чектің фотосын жібердім. Ол кісі «4 сағаттан 12 сағатқа дейін күтіңіз, жауабын жазамын» деді. Ол кісінің фотосы, да, құжаттары да болды. Жеке куәлігіңізді жіберіңіз деп едім, оны да жіберді», – дейді зардап шегуші.
Белгілі болғандай, дәрігердің осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіге шетелге шығатын жеке куәліктің суретін салғаны есіне түсті. Полицейлер бұл оның жіберген үлкен қателігі деп отыр. Сондықтан қандай да бір ақпарат көздеріне жеке деректі мүлде салмау керектігін ескертеді. Өйткені, алаяқтың құрбаны болмас үшін әркім сақтық шараларын таныту керек.
«Азамат Мамырқұлдың арыз шағымы күні кеше ғана Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің арнайы соталды тергеу реестеріне тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 190-шы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, криминалдық полиция басқармасына қарасты КА бөлімінің қызметкерлері жаңа компьютерлік технологияларды пайдалана отырып, басқа да қажетті із кесу шараларын жүргізе отырып, осы қылмыстық іске қатысы бар тұлғаларды міндетті түрде анықтайтын болады», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Тәртіп сақшылары жұртты сан соқтыратын алаяқтар жан-жақты болып келеді дейді. Дегенмен, Алматының Полиция департаменті қол қусырып отырған жоқ. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, қылмысты ашуға мүмкіндігіміз бар деп отыр.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы