Биыл Алматының Алатау ауданына 10 жыл. 250 мыңнан аса тұрғыны бар аудан жыл сайын қарыштап дамып келеді. Алғашында аудан аумағы 8 200 гектар болса, осы күні оның көлемі 10 мың гектардан асып жығылады. Мұнда 10 жылдың ішінде салық түсімі 4 есе өсті. Инвестиция 9, тауар айналымы 1 мың есе өскен.
Гүлжан Бекенова 2001 жылдан бері «Шаңырақ» ықшамауданында тұрып келеді. Айтуынша, Алатау ауданы көз алдында дамуда. Өзі директор болып қызмет етіп отырған осы мектептің де құрылысын өз көзімізбен көрдік дейді. Қазір мұнда 2 800-ге тарта оқушы білім алып жатыр. Гүлжан Мырзалықызы келесі жылы осы білім ошағындағы барлық мұғалімнің жалақылары өсетінін айтты.
«Қай кезде де білім саласына көңіл бөлініп жатыр. Елбасы өте жанашырлықпен қарап, биылғы 10 жылдыққа қатар, өзінің жолдауын халыққа жариялап отыр. Бізде қазіргі таңда 196 мұғалім қызмет атқарып жатыр. Жалпы, барлық ұстаздың айлығы көбейеді деп үлкен сенім артып отырмыз. Ол мәселе Жолдауда да қарастырылған болатын», – деді Алматы қаласы №169 мектеп-лицейінің директоры Гүлжан БЕКЕНОВА.
Ауданда 12 мектеп, 98 балабақша, 12 денсаулық сақтау мекемесі ашылған. 2,7 млн шаршы метрді құрайтын көпқабатты үйлер салынды. Сондай-ақ, биылғы жылы 600 орындық мектеп пен 880 орынға 4 балабақша пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, алдағы жылдары 350 орындық аурухана, әрқайсысы күніне 200 адам қабылдай алатын 2 емхана және бірқатар шағын аудандарда балабақшалар салу көзделген.
Елбасының индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ауданда 490 гектар аумақта Индустриялды аймақ қалыптасты. Бүгінгі күні 4 кәсіпорын іске қосылып, тағы 10 кәсіпорынның құрылысы жүргізілуде. Мұнда жоғары технологиялы кабель өнімдерін шығаратын зауыт, габион торын жасайтын жапондық кәсіпорын және италияндық технологиямен қоқыс сұрыптау кешені жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, алдағы уақытта химия, жиһаз, көлік, дәрі-дәрмек, тағам және тағы басқа кәсіпорындар құрылысын салу жоспарланған. Ауданда кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар жағдайдың барынша жасалғанын айтады.
«Ең бастысы, аудан басшылары біздің жұмыс істеуімізге кедергі келтірмейді. Алдымен орынсыз тексерулер азайды. Алғашында Алатау ауданында кәсіпорындар аз болды. Қазір олардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Кәсіпкерлер де жағдай жасалған жерге қарай ығысады ғой. Сондықтан еш қиындықсыз мұнда жұмысыңды жүргізуге болады», – дейді етті қайта өңдеу цехінің директоры Сергей АЛИМПИЕВ.
Аудан құрылғалы бері мұнда бірнеше мәдени және спорт нысандары бой көтерді. Атап айтқанда, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы және Қолөнер шеберлері орталығы. Сонымен қатар, ауданда Универсиада өткен «Алматы Арена» спорт кешені орналасқан. Осы күні бұл ғимарат халық игілігіне берілген. Қазір жергілікті тұрғындар осында келіп, спортпен шұғылдануда.
Алатау ауданында 10 жылдың ішінде 223 шақырым электр желісі, 276 шақырым магистралды газ, 406 шақырым ауыз су және 198 шақырым кәріз құбырлары тартылған. Сондай-ақ, 93 шақырым жол, 3 жолайрығы және 15 аспалы жүргіншілер көпірі салынды. Алдағы уақытта ықшамаудандардағы жолды жаңарту басты мақсат болып отыр екен.
«Бізде көптеген кәріз жүйесі мен су желілері салынды. Бүгінгі күні 500-ге жуық шақырым кәріз жүйесі мен су желілері салынған. Биылғы ең бірінші жоспарымыз – сол көшелер мен ықшамауданға жол салу», – деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Шахмерден РЫСПАЕВ.
Осы күні Алатау ауданында 255 мыңнан аса тұрғын өмір сүріп жатыр. Бюджет есебінен ауданға 430 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 20 мыңнан көп жұмыс орны ашылған. Қазір тұрғындардың орташа жалақысы 60 мың мен 160 мың теңге аралығында.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы