Астанада бүйрек донорлығына мұқтаж науқастардың саны артып отыр. Бүгінде елордада аталған ағзаға зәру адамдардың саны 500-ден асып жығылады. Алайда, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының мамандары елімізде мәйіттік донорлыққа деген көзқарас әлі де дұрыс жолға қойылмағанын айтады. Ақ халаттылар ағзаларды адамның миы өлгенде-ақ алу керегін алға тартса, дін өкілдері бұған түбегейлі қарсы.
Елімізде қазір 4 мыңға жуық адамға бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе ағзаларын ауыстыру қажет. Алайда, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының мамандары мұндай донорлардың аздығын айтады. Сондықтан өмір мен өлім арасындағы науқастардың күтуден басқа амалы болмай отыр.
Денсаулық сақтау экс-министрі, танымал хирург Жақсылық Досқалиев мәйіттік донордың біреуі бес адамды өлімнен арашалайды деп отыр. Бірақ 100 донордың тек 30 пайызынан ғана ағза трансплантациялауға болатынын алға тартады.
«Біріншіден, адамның жасына байланысты, екіншіден, ағзаның жағдайына байланысты алынады. Үшіншіден, инфекцияға да байланысты. Оның ішінде, «Б», «С» вирустық гепатиттері, ВИЧ инфекциясы, мерез инфекциясы бар аурулардың ағзаларын алмаймыз», – деді Республикалық трансплантация үйлестіру орталығының директоры Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ.
Осынның барлығы, әлбетте, донор тапшылығына әкеп соғады. Анықталғандай, елімізде 2700 адамға бүйрек, 1700-іне бауыр, 150 науқасқа жүрек, 10 адамға өкпе ауыстыру қажет. Науқастар мұқтаж болған ағзалардың көш басында бүйрек тұр. Тек Астананың өзінде оған 500-ден астам адам зәру. Солардың бірі – Қарлығаш Жылқайдарова. Жас келіншектің жаңа бүйрек күткеніне 11 жыл болыпты.
«Маған сәйкес бүйрек табылмай тұр. Сол үшін аптасына үш мәрте гемодиализге барамын. Осы емдік шараны жүргізгенде «С» гепатитін де жұқтырды. «Бүріскен бүйрек» диагнозы қойылған. Осыдан 11 жыл бұрын Астанада дәл осы ағзаға зәру 16 адам болатынбыз. Бүгін 500-600 науқасты білемін. Бастысы, жастарға салса екен. Бізді қойшы», – дейді Қарлығаш ЖЫЛҚАЙДАРОВА.
Ақ желеңділер қазақстандықтардың мәйіттік донорлыққа психологиялық тұрғыда әлі де дайын емесін айтады. Көбінесе туысының мүшелерін беруден үзілді-кесілді бас тартып жатады. Ал Испания мен Беларусьте мерт болғандардың ағзасын бірден трансплантациялайды екен. Сондықтан дәп осы елдерде біздегідей кезек жоқ. Отандық ғалымдар қалың бұқара мұқтаж сол бүйрек пен бауырдың жер астында көп дегенде, 6 жылдай шіріп жататынын айтады. Сол себептен, жарақат пен инсульттан миы өлген адамдардың жарамды ағзаларын алу қажет дегенді алға тартуда. Алайда, дін өкілдері бұған түбегейлі қарсы. Иә, донорлыққа 2014 жылы қабылданған пәтуамен рұқсат берілген, алайда, оның белгілі шарттары бар дейді.
«Кейбір жағдайларда адамның миы өліп, жүрегі істеп тұруы мүмкін. Бұл жағдайда мүшелерін алуға болмайды. Шариғатта жаны тәнінен ажырады деген уақытта дәрігерлер өлді деген үкім береді. Сол уақытта ғана алуға болады. Оның да өзінің шарты бар. Ол тірі кезінде өзі өсиет қылуы керек», – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет ҚҰРМАШҰЛЫ.
Осыдан төрт жыл бұрын өлім аузында жатқан қазақстандық осындай өсиет қалдырып, бес бірдей адамға өмір сыйлады. Лейла Ағжанова бұл азаматтың есімін білмейді.
«Бес жыл бұрын екі бірдей бүйрегім өліп қалды. Бұған сене алмадым. Тіпті шетелге барып, қайта тексерілдім. Бірақ диагнозды онда да растады. Бір жыл бойы гемодиализ жасатып, қатты қиналдым. Соның салдарынан екі бірдей инсульт алып, комада да жатқан кездерім де болған. Осылай қиналғанша өліп кеткенім артық деп ойлайтынмын. Бірақ бір күні «донор табылды» деген бақытты хабар түсті. Қазір мен толыққанды әрі бақытты өмір сүрудемін. Донорыма ризашылығым шексіз, әрине», – деді Лейла АҒЖАНОВА.
Қазір Лейла толыққанды өмір сүріп жатыр. Тіпті, спортпен шұғылданып, йоганы да ұнатады. Өзі сияқты трансплантациядан өткен адамдарға арнайы жаттығулардың бейнеблогын жүргізуде. Бойжеткен өзін бақытты жандардың санатына қосады. Себебі, өзімен бірге кезекте тұрған таныстарының басым бөлігі көз жұмған.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана