Елорда әкімі мереке күні босанған аналарды құттықтады: Тұңғыш Президент күні Астанада қалай өтіп жатыр

01.12.2018 20:36

Тұңғыш Президент күнін тойлауды ресми Астана кеше бастап кетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен «Елбасы жолы. Астана» фильмін тамашалады. Ал бүгін қала әкімдігі мерейлі датада туған астаналық сәбилер мен олардың аналарын құттықтады. 1 желтоқсан күні түске дейін 26 нәресте дүниеге келді.

Бүгін астаналықтардың көңіл-күй ерекше көтеріңкі. Әсіресе, №2 көпсалалы емханасында ұлан-асыр той деуге болар. Мұнда Тұңғыш Президент күні қарсаңында дүниеге келген нәрестелер мен аналарын құттықтауға қала әкімі Бақыт Сұлтанов келді. Құр келмей, жаңа туған шақалақтарға бесік арба, балаға керек-жарақтарды ала келіпті.

«Үлкен азамат болсын. Елімізді дамытуға үлес қоссын! Денсаулық берсін. Мерекелеріңізбен!» – деді жас аналарға өз тілегін білдірген Астана қаласының әкімі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Тұңғышын үш жыл бойы күткен Диана Ысқақова тосын сыйға ерекше қуанды. Шақалақтың есімін Нұрсұлтан деп қоюға болар еді дейді, бірақ бұл есім әулеттеріндегі әкесінің аты екен. Айтпақшы, бүгін Астана қаласының аумағында қазіргі уақытқа дейін 26 сәби дүниеге келді. Олардың 10-ы ұл. 16-сы қыз. Мейрам аяқталғанша бұл санның өзгерері даусыз әрине.

«Бұл күтпеген сыйлық болды. Өте қуаныштымын. Нәрестеге бастапқы уақытта қажетті заттар жиынтығы бізге ерекше керек-ақ, әрине. Барлығына рақмет! Барлық отандастарымызды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын!», – деді Диана ЫСҚАҚОВА.

Жалпы, мерекені тойлау кеше басталған еді. Күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмін тамашалады.

Барша отандастарымызды мереке күнімен, әсіресе, ұстаздар ерекше құттықтап жатыр. Себебі, Президент өз жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдауды тапсырған еді. Ал мұғалімдер 2019 жылы мерейіміз өсіп, абыройымыз асқақтайтын жыл болайын деп тұр дейді.

«Маған ұстаз ретінде бұл мереке – ең маңызды, ең айтулы мереке. Биыл Президент еліміз педагогтар үшін ең үлкен сыйлық жасады. Біріншіден, ұстаз қауымының жалақасын көтерді. Екіншіден, педагог мәртебесі жайында заң қабылдауды ұсынды. Бұл құжатты менің әріптестерім көп күтті. Біз осы заңның қабылдануын асыға күтіп жүрміз. Осының бәрі бізге өте маңызды, керек нәрсе. Сондықтан елдегі бүкіл педагогтар атынан барша қазақстандықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын!», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрi Эльмира СҰХАНБЕРДИЕВА.

Айта кетсек, бүгін Тұңғыш Президент күніне орай түрлі көрмелер, концерттік бағдарламалар мен спорттық шаралар ұйымдастырылады. Соның бір-екеуіне тоқталып өтсек. Мәселен, Тәуелсіздік сарайында «Үміт жолы» атты Тұмар ханым өмірі жайлы деректер көрмесі, ал сағат 15:00-де сахна жұлдыздарының қатысумен «Жаңа дәуір-жарқын болашақ» атты концерт өтеді.  

Дәл осы сәтте Елордада қар жауып тұр. Аздаған жел де бар. Термометр бағандары минус 14 градусты көрсетуде. Бірақ соған қарамастан, қаланың әр жерінде ойын-сауық шаралары қызу өтіп жатыр.  


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана