Алматыда Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпуноваға және сыбайластарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін мемлекеттік айыптаушылардың өтініші бойынша куәгерлерден жауап алынды.
Мемлекет қорынан жер телімдерінің және нысандардың қалай шығарылғаны айтылды. Жеке мүлік ірі банктік қарыздарды рәсімдеуде кепілге алынған. Келісімдер жалған фирма арқылы жасалып отырған. Мемлекетке келтірілген залал 19 триллион теңгені құрайды.
«2007 жылы 24 сәуірде «БТА банк» және «Баскинвест» ЖШС арасында бас несие келісімі жасалған. Белгіленген несиенің шегі 108 миллион АҚШ долларын құраған. Қамсыздандыруға 0,7 гектар аумақты құрайтын жер учаскесі ұсынылған», – деді «БТА банк» АҚ өкілі Талғат АМАНТАЙ.
Тағы бір жер телімі коллекторлық компания меншігіне өткен. Оның бұрынғы иелері Виктор Храпунов Алматы қаласының әкімі болып отырған уақытта жерді кепілге қойып, несие алған. Сауда-саттық арқылы жер телімі 1 миллиард 113 миллион теңгеге сатылған.
Еске сала кетейік, Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунова мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны, алаяқтықпен айналысқаны, қызметін асыра пайдаланғаны әрі пара алып, ұрланған мүлікті заңдастырғаны үшін айыпталып отыр. Одан бөлек, қылмыстық іске тағы 10 адамның қатысы бар.