|
Arhıv
28.12.2018 | 19:50

Қарыздан құтылу үшін несие алу: алматылықтардың банктерге берешегі 5 триллион теңгеден асқан

Қарыздан құтылу үшін несие алу: алматылықтардың банктерге берешегі 5 триллион теңгеден асқан

Енді Жаңа жылдан бастап алматылықтар коммуналдық шығынға аз шашылады. Оның үстіне, жылу жүйесіне артығымен төлеген 1 миллиард теңгеден астам қаражаты қайтарылады. «АлматыЭнергоСбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ел-жұрттан артығымен алған қаржыны соңғы тиынына дейін қайтаруы тиіс. Ал еліміздегі кәсіпкерлердің мойнындағы 130 миллард теңге қарызы кешірілуі мүмкін.

Осы уақытқа дейін коммуналдық төлемге алматылықтар 1 миллиард 1 миллион теңгеден астам қаражатты артығымен берген. Бұл тек жылу жүйесіне кеткен негізсіз шығын. Енді оны тұрғындарға компания кері қайтарып беруге міндетті. Бірақ қаражат қолма-қол қайтарылмайды. Тек тұтынушының жылуға деп жұмсаған шығынынан шегеріледі. Сондай-ақ, «АлматыЭнергоСбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қалалықтардың 1 миллиард 3 миллион теңгесін заңсыз жинап алған. Тексерістің нәтижесінде, енді бұл мекеме де ел-жұрттан негізсіз алған төлемдерді қайтарып, олқылықтың орнын толтыруы керек. Ал газ тарту әрі газ құбырларын жөндеу жұмыстарын толық игермеген «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы тарифті түсіруге міндеттелді. Енді Жаңа жылдан бастап алматылықтардың коммуналдық шығынға шашылуы қысқармақ. Ал 2018 жылы оның бағасы көтерілмегенін айтады мамандар.

«2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жалпы коммуналдық қызметтерге тариф азаяды. Атап өтсек, жылу энергиясына, ыстық суға тариф 18 пайызға төмендейді. Газбен жабдықтау жұмыстары қызметтеріне 16 пайызға төмендейді. Суық су мен кәріз жүйелеріне 10 пайыз, электр энергиясымен жабдықтау қызметіне 2,8 пайызға тарифтер төмендейді. Орта есеппен алғанда, 3 бөлмелі пәтер айына 3 жарым мыңнан 5 жарым мың теңгеге дейін үнемдейтін болады», – деді Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бауыржан ҚАЙЫРБЕК.

Осы жылы жәрдемақы мен зейнетақы төлемінің көлемі әдеттегідей артты. 2018 жылы ең төменгі зейнетақы базалық зейнетақыны есепке алмағанда, 33 мың 745 теңге болатын. Енді Жаңа жылдан бастап 36 мың 108 теңге төңірінде берілмек. Ал ағымдағы жылы базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне қарай беріле бастады. Соның арқасында 15 мың 274 теңгенің орнына 60 пайыз зейнеткер 28 мың 282 теңге алуда. Ал ең төменгі зейнетақы 225 мың зейнеткердің 3 пайызынан астамына ғана берілуде. Осылайша, орташа зейнетақы көлемі 80 мың теңгеден асып жығылады. Ал 1-ші топтағы мүгедектердің күтушілеріне бұған дейін науқас 18 жасқа келгенше ғана жәрдемақы төленіп келсе, биылдан бастап оның мерізімін өмір бойына ұзартты. Оған қоса, күтушінің мүмкіндігі шектеулі жанға қарағаны еңбек өтілі болып есептелінеді.

«Алматы қаласында шамамен, 1 мыңға жуық адам осы жәрдемақыны алып отыр. Бұл жерде алатын жәрдемақының сомасы ең төменгі күн көріс деңгейінің 1,05 пайызын құрап отыр. Бұл 29 699 теңге. Жалпы, зейнетақы мен жәрдемақы алатын адамдардың саны Алматы қаласы бойынша 560 мыңдай. Бүгінгі таңда орташа зейнетақы 81 мың теңге болып отыр», – деді Алматы қаласы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Айдынжан НАРМАТОВ.

Ал биылғы ең төменгі – 28 мың теңге айлық көлемі келесі жылдан бастап 42 мың теңгеден аспақ. Әйтсе де, айлығы шайлығына жетпейтін бұқара несие алуға мәжбүр. Ұлттық банктің есебі бойынша бүгінде алматылықтардың банк алдындағы берешегі 5 триллион теңгеден асып жығылады. Ал бар тапқанын қаржы институтына депозитке салғандардың сомасы – 7 триллион теңге. Қараша көбіне қарыздан құтылу үшін банктен қарыз алады дейді экономикалық сарапшылар.

«Менің ойымша, қалалықтардың 10 пайызында депозит шоты бар. Несиенің 40 пайызы ипотекалық берешекке тиесілі. Қалған 60 пайызы тұтынушылық кредитке қатысты деп есептеймін.Тұрғындар тапқандарының 40-тан 80 пайызын ас-ауқатқа жұмсайды. 10 пайызы коммуналдық шығынға, одан кейін білім мен медицинаға жұмсалады. Қалалықтардың кірісіне қарағанда, шығысы көп», – деді экономикалық сарапшы Ерлан ИБРАГИМОВ.

Әйтсе де, Алматыда кәсіпкерліктің қарқынды дамуы екі қолға бір күрек табуға септесуде. Биылдыққа қалада 45 миллиард теңгенің 18 жобасы жүзеге асып, 3 мың жұмыс орны ашылған. Кәсіпорындар көбінесе тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, металл өңдеу сынды секторларда іске қосылды. Одан бөлек, биыл да мемлекеттік грант иегерлері қайтарымсыз 3 миллион теңге қаражатқа ие болып, өз ісін бастады. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың инновациялық жобаларына басымдық берілді.

«Жыл сайын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік гранттарға конкурс жарияланады. Бүгінде 141 миллион теңгенің 68 келісім-шартына қол қойылды. «Жібек жолы» аймақтық бағдарламасы аясында 48 жеңілдетілген несие, яғни 2 миллиард 7 миллион теңге берілді. Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша 121 жобаны қаржыландыруға 1 миллиард 8 миллион теңге шағын несие берілді», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат РАХИМОВ.

Ал мемлекет алдында қарызы бар кәсіпкерлер 1 қазанға дейінгі берешегін Жаңа жылға дейін төлесе, барлық айыппұл мен өсімпұлдар кешіріледі. Бұл еліміздегі 90 мың кәсіпкерлерге қатысты. Іскерлер қарызының 130 миллиард теңгесінің 123 миллиард теңгесі өсімпұл болса, қалғаны айыппұл екен. Ескере кетерлігі, мұндай мүмкіндік осы айдың соңына дейін ғана беріліп отыр.


Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


‡агрузка...