Қазақтың бас онколог дәрігері, профессор Сәкен Нұғымановтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Уақытты басып озған» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Сәкен Нұғыманұлы еліміздегі онкология қызметінің негізін салып, институттан білікті шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Халықаралық конференцияда медицина қызметкерлері, академиктер, мұғалімдер мен шәкірттері түрлі естеліктерімен бөлісті.
«Өткен ғасырда ерекше биік деңгейде қызмет еткен, ауқымды еңбегінің нәтижесімен халыққа танымал болған тұлға еді. Еңбегінің жемісін халық көргендіктен де, оның есімі ел жадында қалды. Сәкен Нұғымановтан тәлім алған, көзін көрген ғалымдар да, сол бағытта жұмыс істеп жүрген ғалымдар да Сәкен Нұғымановты еш ұмытпайды. Оның есімі, халық үшін жасаған еңбегі еш ұмытылмайды», – деді Қазақ тағамтану академиясының президенті, м.ғ.д., профессор Төрегелді ШАРМАНОВ.
Кітап таныстырылымы аясында мерейтой иесіне арнап көрме ұйымдастырылды. Көрмеде профессордың көпқырлы кәсіби қызметі мен отбасы жайында фотоқұжаттар ұсынылған. Ал жинақтағы естеліктер мен фотолардың көп бөлігі бүгінге дейін еш жерде жарияланбаған.
«Көптеген мәліметтерді Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатынан алдық. 100 жылдыққа орай кітапты «Уақытты басып озған» деп атадық. Кітапқа институттың құжаттары, алғашқы бұйрықтары мен шешімдері және көптеген замандастарының, шәкірттерінің естеліктері енген», – деді
С.Нұғымановтың қызы Жәмилә НҰҒМАНОВА.