Полицейлерге ипотекамен баспана алу жеңілдетілмек

25.12.2018 20:45

Қазақстанда ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы әзірленді. Бұл туралы бүгін «Құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы» атты конференция барысында  ҚР ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол картасының жобасы әзірленіп, барлық мемлекеттік органмен келісілді. Енді Үкімет  сәйкес қаулы қабылдап, Сағынтаев мырза қол қоюы қажет. Көп өзгеріс, 9 тармақ бар. Бұл тармақтардың өзін полициядағы революция десек те болады», - деді Марат Қоғамов.

Оның атап өтуінше, жол картасында көптеген өзгертулер қарастырылған.

«Өте көп өзгеріс күтіледі. Бұл жеке құрам санын қысқартуға ғана қатысты емес. Ол: қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсарту, жалақыларын көтеру, сараланған жалақы, полицейлердің  ипотекаға тез арада қол жеткізуі. Бұл ретте ипотеканы жергілікті бюджет тарапынан жартылай дотациялау, министрлік, жалпы мемлекет тарапынан бастапқы жарнаға көмек көрсету орын алуы мүмкін. Өздеріңіз де білесіздер, қазір банктердің бастапқы жарнасы тым жоғары болғандықтан кез келген азамат ипотекалық кредитке қол жеткізе алмайды», - деді Қоғамдық кеңес төрағасы.