Сәбиі құрсағында шіри бастаған: Астанада екі жүкті әйелдің өліміне қатысты сұмдық жайт белгілі болды

Сәбиі құрсағында шіри бастаған: Астанада екі жүкті әйелдің өліміне қатысты сұмдық жайт белгілі болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада тағы ана мен бала өлімі. Тек өткен аптада елордада екі жүкті келіншек көз жұмған.

Алғашқысы қазанның 31-і күні өз үйінде мерт болыпты. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының сөзінше, босануға таяп қалған мерзімдегі 30 жасар әйелге ажал кенеттен келген. Медициналық сараптама азаматшаның бас миы қан тамырларының туа бітті паталогиясы болғанын көрсетті. Ал екінші қайғылы оқиға дәл сол аптада орын алған. Атап айтсақ, қарашаның 4-інде Астанадағы №2 перинаталдық орталығына түскен келіншек өлім аузында болған. Оны құтқару үшін елордадағы барлық медициналық қызмет жұмылған. Алайда, 38 жастағы азаматшаны құтқару мүмкін болмаған.

«Біздегі бар ақпарат бойынша айтсақ, жүктілік жоспарланбаған, некесіз болып шықты. Сол себептен де ол туған-туыстарынан жасырған. Әйел бір де бір емханаға тіркелмеген екен. Демек, медициналық мекемелерге қаралмаған. Бір туысының мекенжайы бойынша тіркелген. Алайда, ол жерде тұрмаған», – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әлия РҮСТЕМОВА.

Бүгінде аталған істі Ішкі істер департаменті мамандары тергеуде. Ал көз жұмған азаматшаға жасалған медициналық сараптаманың нәтижесі гистологиялық талдауға жіберілген.  

«Мерт болған азаматша үш күн бойы ауыр халде жатқан. Жүктілікті тоқтату үшін уыстап дәрі ішкен. Құрсақтағы баласы бірнеше күн бойы іште шіріп жатқан. Оның бәрі анасының бойына тараған. Сондықтан ол ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді», – деді Астана қаласының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Иван КОРКАН.    

Жыл басынан бері Астанада 7 жүкті әйел көз жұмған екен. Статистикалық мәлімет бойынша Астанада ана мен бала өлімі көбейген. Биылғы жылдың тек тоғыз айында 128 сәби шетінеген.  



Новости партнеров