Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары латын әліпбиінің пернетақтасын әзірледі. Филологтардың айтуынша, пернетақтада әріптердің орналасуы статистикалық негіздерге сүйене отырып жасалған.
Жиі қолданылатын әріптер саусақпен теруге оңай жерлерге, ал сирек кездетіндері пернетақтаның шет жақтарына орналастырылған. Ғалымдар тіпті қатар тұратын әріптердің ретіне дейін мән бердік дейді. Айтуларынша, қазіргі біз қолданып жүрген қазақ пернетақтасы ешқандай статистикалық негіздерге сүйенбеген. Бұрынғы жазба машиналарына қарап жасалған. Енді жаңа әліпбидің пернетақтасы заң жүзінде қабылданса, әріптерді теруге қолайлы болмақ дейді жоба авторлары.
«Ең жиі кездесетін оншақты әріпті ортаңғы жағына орналастырып, сол қолдың саусақтары, оң қолдың саусақтары дегенді есепке алып орналастырып, ең сирек кездесетін кірме сөздерде, басқа тілден енген, сондай-ақ, термин сөздерде кездесетін әріптерді пернетақтаның шет жағына қойып, сондай ұстаным жасадық», – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Асқар ЖҰБАНОВ.