Шенеунік «қамқорлық» көрсеткені үшін 2 млн теңгеге жуық қаржы талап еткен

04.01.2019 21:55

Тағы да бір шенеуніктің қолына кісен салынды. Бұл жолы Астанада Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталды.

Экономикалық қылмыс жайын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік өкілдері мәлімдеді. Құзырлы органның күдігіне іліккен комитет төрағасы ведомствоға бағынышты ұйымға «қамқорлық» көрсеткені үшін 2 миллион теңгеге жуық қаржы талап еткен.

«Ол комитеттің экономика және қаржы басқарма басшысының жәрдемдесуімен жалпы қамқорлығы үшін және ведомствоаралық бағынышты ұйымды қосымша қаржыландыру үшін 1,9 млн теңге соммасында пара алды деп күдіктелуде. Соттың күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіулде», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман БЕРДАЛИН.

Ал Ішкі істер министрлігінің Алматы қалалық мамандандырылған күзет қызметінде қаржылық былық бар екені анықталды. Басқарма басшылары өз қарамағындағылардан қызметте көмек пен жұмысының жақсы жүруі үшін бірнеше мың АҚШ долларын сұраған. Сот шешімімен басқарма бастығы, батальон командирі және оның орынбасарлары қамауға алынған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

«Қамқорлық жасағаны үшін өзінің қарамағындағылардан пара ретінде 24 мың 900 АҚШ долларын алу фактісі бойынша ҚР ІІМ Алматы қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының лауазымды адамдарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деді Арман БЕРДАЛИН.