Сағынтаев азық-түлік бағасын бақылауды тапсырды

Сағынтаев азық-түлік бағасын бақылауды тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жылды әр отбасы жылы үйде қарсы алуы керек. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа осындай тапсырма берді. Мереке қарсаңында кейбір өңірлерде аяз қатты болатындықтан, жылу үзіліп қалмасын деді. Сондай-ақ, премьер-министрді азық-түлік бағасының қымбаттағаны да алаңдатып отыр.  Сағынтаев министрлер мен өңір басшыларына қандай тапсырма берді?

Жаңа жыл қарсаңында еліміздің солтүстік өңірлерінде қыс нағыз «күшін» көрсетіп жатқандай. Осы орайда Үкімет басшысы әр үйдегі жылудың үзіліп қалмауын қатаң тапсырды. Өңірлердегі ахуалды сұраған Сағынтаевқа Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов көмір жеткілікті болғанымен, мазуттың 10 мың тоннасы, яғни екі айлық қоры қалды деді. Бұған қаржы бөлмеу себеп болыпты.

«Жыл маусымы алдында облыста 7 мың мазут болған. Өтініші келіп түскенде 5 мың тонна мазут қалып отырған. Біздің ойымызша, жыл соңына дейін бұл көлем жеткілікті. Біз бұл мәселеге қаңтарда қайта ораламыз», – деген ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ өзіне қойылған «Ал егер жылдың аяғына дейін жетпей қалса не істейсіз?» деген Үкімет басшысының сұрағына: «Жоқ, біз қарағанда, мазут көлемі 5 мың тонна болатын», деп жауап берді.

Жылу мәселесіне тікелей жауапты Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жылу беру жағдайы қалыпты екенін айтты. Электр стансаларында керекті жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, көмір мен мазуттың Қостанайдан басқа аймақтарда жеткілікті екенін жеткізді.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, министрлік, орталық және жерілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ағымдағы жылы жылу беру маусымында тұрақты өтуін қамтамасыз етеді. «Жылулық болмай, қар кетпес» демекші, тұрғындар биылғы Жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алуы үшін барша жұмысты жасап жатырмыз. Меніңше, біздің азаматтарымыз Үкіметтің ерекше жылуын сезінеді деп ойлаймын. Солай болуына тілектеспін», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Бұдан соң Бақытжан Сағынтаевқа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов коммуналдық тарифтер жайын айтты. Газ, жол жүру ақысы, қоқыс шығару мен жеделсаты қызметтеріне енген өзгерістерді Қызылорда мен Атыраудан көрмедім деген Премьер ведомство басшысына дереу жағдайды реттеуді ескертті. Бұл ескерту өзге өңірдің әкімдеріне де қатысты айтылды.

«Тарифтерді төмендету бойынша әкімдіктер тиісті шешім қабылдамаса, олар Елбасының тапсырмасын орындамады деген сөз. Әкімдер жеке жауап береді. Біз тиісті анықтаманы береміз. Неге басқа өңірлер мәселенің шешу жолын тапты, ал кейбіреулер әртүрлі сылтау айтып отыр. Мұны қалай түсінуге болады. Бірінші қаңтарға дейін уақыт бар. Шешім шығарыңыздар», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Жиында Жаңа жыл алдындағы азық-түліктің де бағасын бақылау тапсырылды. Мысалы, қант пен қырыққабаттың бағасы оннан аса өңірде шектен тыс көтеріліп кеткен.  Мұнымен ешкімнің шаруасы жоқ деп шүйлікті Бақытжан Сағынтаев. Ол осы және өзге тапсырмаларды биыл соңғы рет 29 желтоқсанға жоспарланған Үкімет отырысына дейін шешуді міндеттеді.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров