Маңғыстау облысында электр қуатының бағасы келесі жылы тағы арзандамақ

Маңғыстау облысында электр қуатының бағасы келесі жылы тағы арзандамақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тариф төмендейді. Маңғыстау облысында электр қуатының бағасын 7 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Ол үшін  мемлекеттік және электр қуатын тарату компанияларының міндеттері өңірдің ортақ аймақтық электр тораптары компаниясына біріктірілмек. Облыс әкімі шенеуніктерге өңірдегі  бұдан өзге де қандай мәселелерді басты назарда ұстауды тапсырды?  

Маңғыстаулықтар үшін электр қуатының құнын арзандату – көптен бері көтеріліп жүрген түйткілді мәселе. Бүгінде өңірде жылу мен жарықты және суды аймақтағы жалғыз ғана  кәсіпорын өндіріп келеді екен. Ал көгілдір отынның құны қымбат болғандықтан, жергілікті «МАЭК-Қазатомпром» серіктестігіне бағаны төмендету оңайға соқпаған сыңайлы.

«Бұл мәселе 1 шілдеден бастап өз шешімін тапты. Бірақ әзірге мардымсыз – 3,5% ғана төмендеді. Дегенмен, мұның өзі де үлкен жетістік. Сондықтан тарифті ұстап қалумен қатар, аз да болса төмендеткенімізге ризамыз», – деді «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС бас директорының орынбасары Қыдырбай ҚАСЫМБЕКОВ.

Жыл басынан бергі көрсеткіш жаман емес дейді мамандар. Биылдыққа Маңғыстау облысында электр қуатының бағасы біртіндеп 17 пайызға төмендеген. Бұл жұмыстар ақпан, шілде және қыркүйек айларында кезең-кезеңімен жүзеге асырылған.  Нәтижесінде, Ақтауда бір киловаттың құны – 17 теңге 48 тиын. Энергетиктердің айтуынша, тарифті келер жылы тағы 7 пайызға төмендетпек ниетте. Бұл үшін мемлекеттік және электр қуатын тасымалдаушы компаниялар бір кәсіпорынға біріктіріліп, ірілендіріледі.

«Ақтау қаласына іргелес елді мекендерде тариф төмендетілді. Премьер-министр Сағынтаевтың Маңғыстау облысына сапары кезінде газдың бағасын төмендету жөнінде мәселе қойылған болатын. Газдың бағасы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап 19,8 теңгеден 19,2 теңгеге төмендетілді. Соның нәтижесінде, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС жеке тұлғаларға тарифті 1,6 теңгеге түсірді», – деді Маңғыстау облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан ОРЫНБАСАРОВ.  

Айта кетерлігі, 75 пайызға тозған «Энергокомбинат» аумағында қуаттылығы 250 киловаттық бу-газы қондырғысы салынады. Бүгінде бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі тас-түйін дайын. Енді құрылысқа қажетті 63 миллиард теңгені табу мәселесі күн тәртібінде күйіп тұр. Бірақ бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешілмек. Осыны алға тартқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдегі өзге де проблемалары да назардан шығармауды шенеуніктерге тапсырды. Атап айтсақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек, және құрылыс материалдарынң құнын ұстап тұруды тапсырды. Сондай-ақ, білім беру саласындағы бағаның бірқалыпты болуын қадағалау керектігін де қадап айтты.  


Перизат Көмекбайқызы, Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы, Ақтау



Новости партнеров