Ақтөбедегі кен орнының жұмысшысын вагон сүйреп кетті

24.10.2018 20:54

Ақтөбедегі Дөң кен-байыту комбинатының жұмысшысы Аслан Қожағұловты кен орнында вагон сүйреп кетті. Ол бірнеше дене жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбедегі Дөң кен-байыту комбинатында тағы да оқыс оқиға тіркелді. Кен орнында жарылыс жасаушы болып жұмыс істейтін А.Қожағұловтың қабырғасы сынып, жабық бас-ми жарақатын алды.

«Шахтада жарылыс жасаушы болып жұмыс істейтін адам жараланып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Науқастың айтуынша, оның сөмкесі вагонға ілініп қалып, сүйреп кеткен. Жабық бас-ми жарақатын алды. Бет терісі зақымданды. Қазіргі кезде ол Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты», - деді Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Жолбасбек Қамбаров.

Еңбек инспекциясының мамандары Дөң кен-байыту комбинатында тексеру жұмыстарын бастады.

Еске салсақ, 12-қазан күні Дөң кен-байыту комбинатының жұмысшысы кен астында қалып, дене жарақатымен ауруханаға түсті. Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы бұл деректі де тексеріп жатыр.