Парламент қабылдаған 3 жылдық бюджетте құбылмалы мұнай бағасы мен теңге бағамы ескерілді

28.11.2018 23:30

Еліміздің Парламент мәжілісі үш жылға арналған бюджетті қабылдады. 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке Сенат депутаттары бірқатар өзгеріс енгізген болатын. Қыруар қаржы әлемдегі мұнай бағасына қарай оңтайландырылып, бөлінетін салалары да нақтыланды. Олардың арасында бюджеттің шығысы мен кірісі, жаңадан құрылған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының дамуына жұмсалатын қаржы да бар.

Мәжіліс депутаттары 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті қабылдады. Айта кетейік, күні кеше Сенат Мәжілістің бюджет жайлы дайындаған құжатын кері қайтарған еді. Жоғары палата өкілдеріне әлемдегі макроэкономикалық өзгерістер мен мұнай бағасының үнемі «ойнауын» қаперге алмаған құжат ұнамай қалса керек.  Содан бері құжатқа 89 өзгеріс енгізілген. Әсіресе, үш жылдағы бюджеттің кірісі мен шығысы қайта есептелген. Құжатты қайта реттеу кезінде енді құрылған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының дамуына жұмсалатын қаржы да ескеріліпті.

«2019 бюджет кірісі 22,4 миллиард теңгеге қысқарады. Макроэкономикалық көрсеткішткерді нақтылау Ұлттық қорға түсетін болжамның өзгерісіне әкелді. Келесі жылы мұнай бағасының барреліне 60 доллардан 55 долларға дейін төмендеуі Ұлттық қорға 137,7 миллиард теңгеге кіріс аз түседі дегенді білдіреді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ольга ПЕРЕПЕЧИНА.

Бюджет қаржысында Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарын газдандыру үшін 7,8 миллиард теңге қарастырылса, ауыз сумен Ақмола, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарын қамту жұмысына 5,9 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, қаржы елдегі сот жүйесі мен Ішкі істер қызметін реттеуге де бағытталмақ. Мәжіліс депутаты Ольга Перепечина әлемдегі экономикикалық соғыстың залалы теңге бағамына да тиетінін айтты. Сондықтан бұл жолғы қазына қаржысы бір доллардың бағасын 370 теңге деп есептеген.

«Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрлігі әлемдік қаржылай нарыққа қарап, өз болжамдарын берді. Бүгінгі жағдай жайлы ауыз толтырып айта алмаймыз. Үкімет бұл іске тікелей араласа алмайтыны анық. Бірақ біз экономикалық соғысқа қарамастан, бюджеттің орындалуын жіті бақылайтын боламыз. Әсіресе, әлеуметтік міндеттемелер мен елдің экономикалық дамуына керек шығысты қамтуға барымызды саламыз», – деді Ольга ПЕРЕПЕЧИНА.

Ольга Перепечина бюджет шығыстары Ұлттық қорға мұнай сату мен валюталық операцияларға түскен қаржыдан жұмсалады деді. Келесі жылы бюджетке кіріс мөлшері 6,8 триллион теңге деңгейінде деп болжанса, 2020 жылы 7,3 триллионға, одан кейін 8 триллионға дейін артады. Жиында табиғи монополияларды қолдану жайы да сөз болды. Тарифтер бойынша тұтынушылардың мүдделерін қорғайтын институт құрылмақ. Ол қолданушыларға кеңес беру мен тарифтердің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана