Ер есімі ел есінде. Биыл ұлт көсемі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 107 жыл толды.
Айтулы күні алматылықтар Димекеңнің мүсініне гүл шоқтарын қойып, арда азаматпен істес болған жандар ыстық естеліктерімен бөлісті. Мемлекет қайраткерінің қызметтес әріптестерінен өзге, туған-туыстары да шараға келуді жыл сайын дәстүрге айналдырған. Етжақындары Димаш ақсақалдың өте қарапайым болғанын айтады.
«Дінмұхамед Ахметұлымен соңғы үш жыл бірге тұрдық. Марқұм тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көретін. Бұл күн біз үшін мейрам болып кеткен. Жыл сайын қала тұрғындарымен бірге осында келіп, гүл шоқтарын қоюды әдетке айналдырдық», – дейді Д.А Қонаевтың туысы Диар ҚОНАЕВ.
Шара барысында келушілер Димекеңнің өзі тұрған пәтеріне экскурсия жасады. Мұражайдағы экспонаттар қаз-қалпында сақталған. Сөреде шамамен, 5 мыңға жуық кітап қойылыпты. Экскурсиядан кейін Дінмұхамед Қонаев туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.
Айта кетсек, мемлекет қайраткері 40-тан астам қаланың салынуына мұрындық болған. Сонымен қатар, өңірлердегі өнеркәсіпті дамытып, шаруашылықты жандандырған.