Отандық ғалымдар әскери барлау роботын жасап шығарды

15.10.2018 20:58

Қазақстандық жас ғалымдар жау әскері шоғырланған жерді анықтайтын барлау роботын жасап шықты. Техниканың бұл түрі әскерилер үшін тапсырмас дүние дейді өнертапқыштар. Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен жасалған құлтемірдің қазір бірнеше түрі бар.

Сондай-ақ, Ақпараттық және есептеуіш теxнологиялар институтының студенттері жалған жаңалықтар мен қате ақпараттарды танитын программа ойлап тапқан.

Төрт дөңгелекті мобилді әскери робот адамның көмегінсіз автономды түрде жүре береді. Алдыңғы жағында орналасқан камера арқылы робот белгілі бір жердің картасын ұйымдастырып немесе әскерилердің жау екенін, әлде өз адамдары екенін анықтай алады. Діттеген жеріне жету үшін ешқандай кедергіге қарамайды. Тіпті, тауға да шыға береді дейді жоба авторлары. Роботты жасауда жаудың оғына төтеп беруі үшін брондалған, яғни өте қалың металл қолданылыпты. Қарсы топтан қорғанып, қарсы шабуылға шығу жағы да қарастырылған. Техниканың төбесіне кез келген ату құралын қоюға болады. Сағатына 50-60 шақырым жылдамдықпен жүре алатын құлтемірді жасауға жарты жылдай уақыт кеткен екен. 

«Бұл роботтың бірінші ерекшелігі – дыбыссыз жүреді. Өйткені электронды моторлар қолданған. Содан соң миналанған жерлерді білу үшін өзіне қару қойып, ату арқылы мина қойылған жерлерді анықтауға болады», – деді жоба авторларының бірі Жолдас БӨРІБАЕВ.

Әскери роботтың 6 дөңгелекті де түрі бар. Қиын жолдардан қиналмай өтетін техника ұрыстарға да қатыса алады. Қазір ғалымдар роботтарды қолданысқа енгізу үшін Қорғаныс министрлігімен келіссөздер жүріп жатыр дейді. Келісім жасалса бұл роботтар біздің әскерилердің пайдасына жарауы бек мүмкін. Сондай-ақ, Ресей, Израиль, АҚШ-тағы роботтың нұсқаларынан әлдеқайда арзан болмақ.

Сонымен қатар, Ақпараттық және есептеуіш теxнологиялар институтының жас ғалымдары мәтіндерді автоматты түрде өңдейтін бағдарлама ойлап тапқан. Оның көмегімен қазақ тіліндегі кез келген мақала, мәтіндердің қатесін тауып, талдап, текстің бағытын, тақырыбын айқындап, тіпті, ақпараттың жалған я шындық екенін анықтап алуға болады. Қазақ тіліндегі мәтіндерді латын әліпбиіне ауыстыру жүйесі де бар. 

«Қазір бүкіл әлемдік қауымдастық үшін жаңа қатердің бірі – жалған жаңалықтар. Яғни, оның көмегімен манипуляция жасап жатады. Біздің бағдарлама алгоритмдер арқылы сондай ақпараттарды тани алады. Және оның позитивті немесе негативті жаңалық екенін де анықтап береді. Немесе жалпылама жала жабуды мақсат тұтқан мәтіндерді анықтайды», – деді Ақпараттық және есептеуіш теxнологиялар институтының маманы Рустам МУСАБАЕВ.

Бағдарламаға бір мезетте 10 кітап салсаңыз да, небәрі, 1 секундта талдап бере алады. Бұл әсіресе, кәсіпкерлер үшін тиімді дейді өнертапқыштар. Кәсіпкерлер осылайша, өз тауарлары туралы тұтынушылардың пікіріне талдау жасай алады.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы