Сенат төрағасы елдегі заң шығару жүйесін сынға алды

Сенат төрағасы елдегі заң шығару жүйесін сынға алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтату керек. Үкімет сағатында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі заң шығару жүйесін сынға алды. Оның сөзінше, қандай да маңызды құжат қабылданарда оны талқылайтын қоғамдық отырыстар көптеп өтіп, осал жерлерін толықтыратын мықты мамандар тартылуы керек.

Жоғарғы палата төрағасы заңның шығуына ықпал ететін министрлік, агенттіктер мен мемлекеттік органдардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Ведомстволардың дайындаған кейбір құжаты түсініксіз әрі қарама-қайшылыққа толы деген Тоқаев қабылданып жатқан заңдар тұрғындардың әл-ауқатына тікелей ықпал ететінін еске салды.  

«Көп жағдайда, біздің заңдарымыз экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады. Соның салдарынан, бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екені бірден байқалады. Бірқатар заңнан ішкі қарама-қайшылықпен қатар, теңгерімділіктің жоғын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық», – деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Жиында Әділет министрі Марат Бекетаев осы олқылықтарды жою үшін барлық шаралар қолданып жатқанын білдірді. Енді заң әзірлеуші орган мамандарына ағылшын тілін білу міндеттелген. Мұндай шешімді ведомство басшысы барлық оңтайлы заң туралы ақпараттар ағылшын тілінде шығатынымен түсіндірді. Сондай-ақ, Бекетаев отандық заң шығару жүйесіне Ұлыбритания тәжірибесін алуды ұсынды.

«Ұлыбританияда заң жобасы Парламентке енгізілгенге дейін алдын ала Жасыл және Ақ кітап пайдаланылады. Көп тиражбен жарияланған екі кітап белгілі  мамандарға тікелей жіберіледі. Жасыл кітапта заң жобасына қатысты пікірлер мен ұсыныстар жиналса, Ақ кітапта Үкімет нақты бір саладағы болашақ саясаты туралы мәлімдемесін білдіріп, заң жобасының алдын ала дайындалған нұсқасын салады. Кейіннен Жасыл кітаптағы түзетулер осы Ақ кітаптағы шикілеу заң жобасын ыңғайлы етіп өзгертуге ықпал етеді», – деді ҚР Әділет министрі  

Марат БЕКЕТАЕВ.


Новости партнеров