2015 жылы Атырау аруы атанған 20 жастағы Гаухар Қасаева инстаграм парақшасында белгісіз біреулер еміне жиналған ақшаны есепшотынан шешіп алғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қатерлі ісікке шалдыққан «Атырау аруы» еміне ақша жинау үшін қазақстандықтардан көмек сұраған болатын.
«О баста жиналған ақша туралы күн сайын есеп беріп тұрамын деп ойлаған едім. Бірінші күні қол ұшын созғандар өте көп болды. Барлығына ризашылығым шексіз! Келесі күні менің есепшотымнан онлайн сауда жасалды. Екі рет. Мен бірден онлайн саудаға қолжетімділікті жауып тастадым. Бірнеше сағаттан кейін дәл сол күні тағы 100 000 теңгеге сауда жасамақшы болды», - деп жазды Гаухар Қасаева инстаграмдағы парақшасында.
Осыдан кейін ол жиналған ақшаның сомасын жария етпеуді жөн көрген. Қажетті қаражат жиналғанда, бірден шетелге ем алуға бармақшы.
Бұған дейін хабарланғандай, «Атырау аруына» дәрігерлер «саркома» диагнозын қойған. Қызға Қазақстанда екі ота жасалғанымен, еш нәтиже бермеген. Қазір Оңтүстік Кореяда емделу үшін ақша жиналып жатыр. Оған 30 мың доллар қажет.