Алматыда жыл соңына дейін 4 жаңа жатақхана қолданысқа беріледі

Алматыда жыл соңына дейін 4 жаңа  жатақхана қолданысқа беріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жаңадан салынған студенттер үйінің сапасы сын көтере ме? Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Республикалық қоғамдық комиссия мүшелері қаладағы жаңа жатақханаларды аралады. Сонымен қатар, олар «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алғандарға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстап, қала басшысымен бірге Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының орындалу барысын пысықтады.

Бас партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алдымен Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жаңадан салынған жатақханасымен танысты. 600 орындық студенттер үйі заманауи талапқа толықтай сай келеді. Мұнда 75 адамға арналған асхана, 70 орындық оқу залы, сондай-ақ, 1-ші қабатта жастар орталығы да бар. Ғимаратты тұрғызуға 780 миллион теңге жұмсалыпты.  

«Қазір 2 жарым мыңдай студентке жатақхана жетпей жатыр. Бірақ жаңа жатақхананы салсақ, жатақхана қажет ететін студенттер санын 1 мың жарымға дейін қысқартамыз», – деді С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талған НҰРҒОЖИН.

Жалпы, Алматыда жыл соңына дейін 4 жаңадан салынған және қайта жаңғыртылған 1650 орындық 1 жатақхана пайдалануға берілмек. Одан бөлек, 2300 орынға арналған 3 жаңа студенттер үйінің құрылысы басталады. Ал келесі жылы 26 жатақхана тұрғызу жоспарда бар. Студенттер заманауи ғимараттарда тұрып, білім алып жатқандарына дән риза.    

«Студенттер үйінде барлық студенттің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында көптеген үйірмелер, би, вокал үйірмелері жұмыс істейді. Жалпы, студенттердің білім алуымен қатар, бос уақыттарын тиімді өткізуге көптеген жағдайлар жасалған», – деді Қазақ инженерлік-технологиялық университетінің студенті Меруерт БАТАЙ.

Мәулен Әшімбаев және Республикалық қоғамдық комиссия мүшелері өз ісін дамыту мақсатында мемлекеттен шағын несие алған кәсіпкерлермен кездесті. Мәселен, Динара Қазиева алған қаражатына өзінің жеке стоматологиясына жаңа жабдықтар сатып алған. Сонымен қатар, бірнеше маманды жұмыспен қамтып отыр. Осы күні Алматыда шағын несие беру үшін 80 түрлі жоба мақұлданса, олардың 20-ы ендігі мамандар қарауына өткізілген.  

Алматының Алатау ауданында жаңа пәтерге «7-20-25» бағдарламасы арқылы қол жеткізгендер Мәулен Әшімбаевтың қолынан пәтер кілтін салтанатты түрде алды. Алматы әкімі Бауыржан Байбек аталған бағдарламаның қалада жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

«Бүгін микрокредиттер беру мәселесін қадағаладық. Стомотология кабинетінде болдық. Жаңа жұмыс орындары біздің қаламызда ашылып жатыр. Бірнеше жатақхананы араладық. Жастарға, студенттерге керемет жағдай жасалуда. Ал «7-20-25» бағдарламасы – жалпы Елбасы тапсырмасы бойынша қарапайым халыққа, әсіресе Алматы қаласының тұрғындарына арналған бағдарлама», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев нысандарды аралап болған соң, Алматыда Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы қарқынды жүзеге асырылып жатқанын айтты.  

«Бүгінгі күні халық Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына ризашылық танытып отыр. Оны біз барған барлық өңірлерден байқауға болады. Өйткені, Елбасы бастамасы біраз әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізуде. Сондықтан  партиямыз ары қарай да осы әлеуметтік бастамалардың толықтай, уақытылы жүзеге асуына үлес қосатын боламыз», – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ.


Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы                          




Новости партнеров