Алматыда жыл сайын 200-ден астам адам иіс тиіп уланады

11.10.2018 21:02

Алматы ТЖД және қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері брифинг барысында иіс тиіп уланған адамдар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауа райының салқындауы мен жылыту маусымының басталуына байланысты қалада иіс тиіп уланған адамдардың саны өсіп келеді.

«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, иіс тиюден зардап шеккен ересек пациенттердің саны орта есеппен алғанда жылына 200-250 адамды құрап отыр. Ал иіс тиген балалардың саны орта есеппен алғанда 80-90 адам. Соның ішінде стационарлық ем алуға мұқтаж 30-50 адам бар. Қалған пациенттер медициналық көмекті аурухананың қабылдау бөлімінде алып, емханаларға амбулаторлық ем қабылдауға жіберіледі», - деді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Жанар Мәдеева.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2016 жылы иіс тиіп уланғанын айтып 272 адам шағымданған, соның ішінде 80 адам ауруханаға жатқызылды. 2017 жылы шағымданушылардың саны 223 адам болған. Соның ішінде 67 адам ауруханаға жатқызылды. Биыл иіс тиюден зардап шеккендер саны - 108 адам. Ауруханада ем қабылдауға 24 пациент жіберілді.

«2016 жылы иіс тиіп уланған балалардың саны 99 адам болған. Соның ішінде 45 бала ауруханаға жатқызылды. 2017 жылы бізге 87 бала жеткізілді, 41-не стационарлық көмек қажет болған. Биылғы 9 айдың ішінде 62 бала жеткізіліп, 22-сі ауруханаға жатқызылды. Иіс тиіп уланудың негізгі себептері - жылыту жүйесінің ақауы, содан туындайтын уыттылығы жоғары көміртек тотығының ғимаратта жиналуы. Өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін сақтап отыру иіс тию және тұрмыстық газдан улануға қатысты төтенше жағдайлардың туындау қаупін айтарлықтай төмендетеді», - деп жалғастырды ол.

Дәрігерлер Алматыдағы жекеменшік сектор тұрғындарына жылыту маусымының алдында пештерін толық тексеріп шығуды ескертті.